«Жетінші арнаның» күз маусымында өз көрерменіне әзірлеген ең ерекше комедиясына да кезек келді. Төңкеріс ауылының өсекшілері эфирге қайта оралды. Енді олар басы дауға қалған, атағы бүкіл республикаға мәшҺүр болған өсекшілер емес, керісінше, «Өсекке қарсы күрес агенттігінің» құпия агенттері. Иә, Өсекке қарсы күрес агенттігі. Бітпейтін гу-гу өсектен әбден шаршаған, тіпті сол үшін сөгіс алған ауыл әкімі осындай агенттік құрады. Телехикая желісі осы агенттік төңірегінде өрбиді. Сериал сценарийі де өте ерекше, ал актерлер құрамында кіл мықтылар.
«Қазақ сатирасының Жүсіп Ақшора, Қуандық Шәкіржанов, Нұрбек Мадиев, Алмат Сақатов сынды майталман әртістерінің басын қосқан сериалдың алғашқы маусымы талғамы биік көрермен көңілінен шыққан еді. Екінші маусым да көрермен жүрегіне жол табатынына сенімдіміз», — дейді «Жетінші арна» продюсері Анар Ибраева.
Заман өзгеріп, қоғам дамығанымен өзектілігін еш жоймайтын өсек, жағымпаздық, көреалмаушылық тақырыбы телехикаяда зілді әзілмен көмкеріле суреттелген. Бұған актерлердің шеберлігін қосыңыз. Тіпті телехикая түсірілген ауыл тұрғындарының өздері кейде түсірілім болып жатқанын ұмытып, іске араласып кеткен көрінеді.
«Жол -көлік апатының және бүкіл ауыл су ішіп отырған су арнасының уланғаны туралы сценаларды түсіргенімізде ауыл тұрғындары оны шындық деп қабылдап, кейбірі көмек қолын созса, енді бірі су арнасына шағымданған еді», — дейді жоба жетекшісі Ерлан Қасымжанұлы.
Түсірілім кезінде ауыл тұрғындарын бір дүрліктірген телехикаяның тұсаукесері «Жетінші арна» эфирінен 9 қарашада көрсетіледі.
Өсекке қарсы күрес агенттігі. Иә, бітпейтін гу-гу өсектен әбден шаршаған, тіпті сол үшін сөгіс алған «Төңкеріс» ауылының әкімі осындай агенттік құрады. Өсектің жілігін шағып, майын ішкен ауылдағы ең әккі деген өсекші үш құрбыны құпия агент ретінде қызметке қабылдайды.
Толығырақ© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.