«Жетінші арна» YouTube-тің «Күміс батырмасына» ие болды

«Жетінші арна» YouTube-тің «Күміс батырмасына» ие болды

«Жетінші арна» телекомпаниясы (Астана) YouTube бейнехостингінің құрметті марапатын үш мәрте иеленді. 2016 жылдан бері YouTube-тің Қазақстан Республикасындағы ресми серіктесі Genesis CSP өкілдері телеарна ұжымына АҚШ-тан келген Күміс батырманы табыстады. Осылайша, YouTube Жетінші арнаның екінші аккаунты – «Седьмой канал | Shorts» 100 мың жазылушыға жеткенін атап өтті.

«Біз әлеуметтік желілерде белсендіміз. Бүгін марапатқа ие болған «Жетінші арна|Shorts» каналы – «Жетінші арнаның» YouTube-тағы бесінші каналы. Оны 2022 жылдың қазан айында іске қостық, бүгінде  жазылушылардың саны 215 мыңнан асты. «Жетінші арнаның» YouTube-каналдары көрерменге ыңғайлы болуы үшін түрлі тақырыптағы бес бағытқа бөлінген. Жазылушылардың жалпы саны 3,5 миллионнан асады. Бұл – ойын-сауық сегментіндегі қазақстандық телеарналар арасындағы ең үлкен аудиторияның бірі», – деп түсіндірді «Жетінші арнаның» бас директоры Ания Байоразова.

Күміс батырманы алу үшін 100 000 оқырманды жинау жеткіліксіз, ол үшін белгілі бір критерийлерге сай болу керек. Бұл – арнаның тұрақты белсенділігі, үнемі жаңартылып отыратын қызық әрі өзіндік контент, бейнехостингтің барлық ережесін сақтау және мінсіз бедел.

«Жетінші арна» телекомпаниясы қазақстандық арналардың ішінде алғашқылардың бірі болып YouTube-тен – «Седьмой канал — 7 канал Казахстан» басты арнасы үшін «Күміс батырма» және «Алтын батырма» марапаттарына ие болды. Қазір бұл арнаға жазылушылар саны 3,26 миллионға жетті.