«Түпсана және жасыл нәски» сериалы «Жетінші арна» эфирінде

«Түпсана және жасыл нәски» сериалы «Жетінші арна» эфирінде

«Жетінші арна» «Түпсана және жасыл нәски» телехикаясын көрермен назарына ұсынады. Бұл – күзде тұсауы кесіліп, көптің көңілінен шыққан толықметражды фильмнің сериал нұсқасы. Сатиралық трагикомедия қазақстандық қыз-келіншектердің бүгінгі тұрмыс-тіршілігін арқау етеді.

Бас кейіпкер Дариға – қарапайым қазақ отбасының келіні. Күйеуі, екі баласы, енесі мен қайын сіңлісі – бәрі бір шаңырақ астында тұрады. Тұрмыс тауқыметінен шаршаған келіннің күндері сұрықсыз: күйеуі көңіл бөлмейді, балалары тыңдамайды, енесі қатал. Ал қайын сіңлісінің тұрмысқа шыққысы жоқ.

Трейлер

Үйдегі кезекті жанжалдан соң Дариға танымал коуч өткізетін отбасылық тренингтің жарнамасын көріп, қатысуға шешім қабылдайды. Барлық қызық осы тренингтен кейін басталады. «Өміріңді өзгерткің келсе, өзіңнен баста!» деген сөзді естіген Дариға енді әр күнінен ләззат алып, барынша бақытты болуға тырысады. Күйеуі Жасұлан да өзгеріп, отбасына көңіл бөле бастайды. Балалардың тәртібі жақсарып, тіпті енесі де кейде өзінің артық кететінін мойындайды. Үй ішінің бұлайша өзгеруіне не себеп? Ал бұған жасыл нәскидің қандай қатысы бар?

Туындыда комедия мен трагедияның аражігін ажыратар желі айқын. Көрермен сериалды тамашалау арқылы түрлі эмоцияға беріледі: қуаныш, шаттық, мұң, уайым мен қайғы. Бірақ әр бөлімін асыға күтері анық.

«Фильм мен сериал авторы әрі режиссері Санжар Омаров идеяны өмірден алған. Қазіргі таңда елімізде әртүрлі коучтар мен бизнес-тренерлердің заманы жүріп тұр. Оларға сеніп өмірін оң арнаға бұрғандар да, ауа қармап қалғандар да аз емес. Бұл туынды өмірден өз орны мен жолын іздеген жандардың тағдырына айна іспетті. Сериалдың фильмнен қандай айырмашылығы бар десеңіз, кинода біз бас кейіпкерлерге көбірек көңіл бөлеміз. Ал телехикаяда қосалқы рөлдердің – ұлы мен қызының, енесі мен қайын сіңлісінің табиғаты жан-жақты ашылады. Телехикаяда жас жұлдыздар да көптеп бой көрсеткен. Фильм «Кинопоисктің» Қазақстандағы ТОП-10 тізіміне енді. Сериал да көрерменнің ыстық ықыласына ие болады деген сенімдеміз», — деді «Түпсана және жасыл нәски» сериалы мен фильмінің бас продюсері Сәбит Рақымбаев.

«Түпсана және жасыл нәски» телехикаясының тұсаукесерін «Жетінші арнадан» көріңіздер.

Түпсана және жасыл нәски

Түпсана және жасыл нәски

Дариға – қарапайым қазақ отбасының келіні. Күйеуі, екі баласы, енесі мен қайын сіңлісі – бәрі бір шаңырақ астында тұрады. Тұрмыс тауқыметінен шаршаған келіннің күндері сұрықсыз: күйеуі көңіл бөлмейді, балалары тыңдамайды, енесі қатал. Ал қайын сіңлісінің тұрмысқа шыққысы жоқ.

Толығырақ