Қазақстанда бұл телехикая туралы CANNESERIES-2024 Канн халықаралық сериалдар фестивалінің шорт-тізіміне енгізілгеннен кейін белгілі болды. Жаңалық қазақстандық және әлемдік баспасөзде жарияланды. «Менің Алтайым» («To The Wonder») телетуындысы драмалық сериалдардың конкурстық бағдарламасына ұсынылды. Сондай-ақ сериал Қытайдың Орталық CCTV-1 телеарнасында жоғары рейтинг көрсетіп, видеоүзінділері қытайлық TikTok-та трендке шықты.
Сегіз бөлімнен тұратын «Менің Алтайым» телесериалы Қытайдың Шыңжаң аймағындағы этникалық қазақтардың өмірін баяндайды. Телехикая танымал қытайлық жазушы Ли Цзуанның 2010 жылы жарыққа шыққан әңгімелер жинағының негізінде түсірілген. Туынды авторлары Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданында тұратын қандастарымыздың қайталанбас бай мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін және Алтай өлкесінің тұмса табиғатын көрсетуге тырысқан. «Менің Алтайым» сериалынан кейін Шыңжаңға саяхаттайтын туристер саны көбейген.
Көрерменді телехикаяның оқиға желісімен қатар Алтайдың әсем пейзаждары, көркем табиғат көріністері қызықтыра түседі.
Этникалық қазақ жігіті Батай мен Үрімшіден Алтайдағы қазақ ауылына көшіп келген қытай қызы Ли Вэнсюдің махаббат хикаясын 1 шілдеден бастап «Жетінші арнадан» көріңіздер. Батайдың рөлін танымал қытай актері Юй Ши ойнады. Ол осы рөлі үшін қазақ тілін арнайы үйренген.
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.