Жетінші арнаның «AIBAT» жаңалықтар қызметі жаңа форматта берілмек. Қазақ және орыс тілдерінде жаңалық тарататын бағдарламаның алғашқы саны 1 ақпанда сағат 18:30да эфирге шығады.
AIBAT – қазақстандықтарды елімізде және әлемде болып жатқан оқиғалардан телеэфир және әлеуметтік медиа арқылы хабардар ететін конвергентті редакция. Сондықтан жаңалықтар қызметінің ұжымы үнемі жаңа медиа жанрларын меңгеруде.
Ал 1 ақпанда AIBAT жаңалықтар қызметінің кешкі шығарылымынан бөлек Жетінші арна «Экспресс-жаңалықтар» форматындағы бағдарламаны эфирге шығарады. Желіні жаулаған «эксплейнер» форматы енді телеэфирде қолданылмақ. Жаңа форматтағы бағдарлама жүргізушілері көрерменді түскі уақыттан бастап түн ортасына дейін қоғамда қызу талқыға түскен тақырыптар мен оқиғалардан хабардар етпек.
«Жетінші арнаның» жаңалықтар қызметінің директоры Гүлжан Мұқышеваның айтуынша, AIBAT қазіргі көрерменнің қызығушылығына баса назар аударатын болады.
«Әлеуметтік медиа дәуірінде көп нәрсе өзгерді, оның ішінде ақпаратты қабылдау. Сондықтан біз жаңа жанрларға, ақпаратты ұсыну мен динамикаға басымдық береміз – бұл көрермен талабы. Ақпаратты қысқа әрі нұсқа етіп, ең маңыздысын айтатын боламыз және көрермен сенімі үшін күресеміз», — дейді AIBAT қызметінің жетекшісі.
Жаңа форматтағы жаңалықтарды жүргізу Жалғас Зейнолла, Айбек Қосанов, Ұлпан Бегалина сынды қарымды журналистерге сеніп тапсырылған. Гүлжан Мұқышеваның айтуынша, бұлар кәсіби диктор емес, жаңалықтар қызметінде мол тәжірибе жинақтаған репортер-редакторлар.
«Біздің жүргізушілеріміз қажетті ақпаратты көрерменге түсінікті етіп жеткізе біледі, себебі олар өздері осы материалдардың авторы – ақпаратты жинақтайды, зерттейді, жазады. Қоғамдағы құбылыстар мен оқиғаларды зерттеп-зерделеуде аянып қалмайтын кәсіби журналистер көрерменге ақпарат ағынының жетегінде кетпей, тақырыпқа терең бойлауына көмектеседі» — дейді «AIBAT» жаңалықтар қызметінің жетекшісі.
«AIBAT» бағдарламасының кешкі шығарылымдарында /жұмыс күндері, сағат 18:30-да/ көрермендер сауалнамаға қатысып, тікелей эфирде студиямен байланысқа шығып, өзекті мәселелер бойынша пікір білдірумен бірге өзі де контент ұсына алады.
Әлеуметтік желілерде бізбен бірге болыңыздар:
AIBAT – бұл қазақстандықтарды елімізде болып жатқан оқиғалардан хабардар ететін конвергентті редакция.
Толығырақ© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.