«Жетінші арнада» күздің ең үздік комедиясы – «Boss әйел»

«Жетінші арнада» күздің ең үздік комедиясы – «Boss әйел»

«Жетінші арнадағы» күзгі маусым өте қызықты және мазмұнды болмақ. Көрермен назарына жаңа 4 сериал ұсынылады. Алғашқысы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен түсірілген «Boss әйел» комедиясы. Телехикаяда ел қатарлы өмір сүріп жатқан жас отбасының интригаға толы өмірі баяндалады. Күнделікті үй тірлігімен, бала тәрбиесімен айналысып жүрген Маржанның да, қызметте мансап қуған жолдасы Ермектің де өмірі күтпеген жерден өзгеріп сала береді. Өркөкірек Ермек келіншегінің өзіне бастық боп кеткенін қаламайды. Алайда ақшадан қиналмау үшін көнуіне тура келеді. Бірақ жас отбасы өздерін қандай сынақ күтіп тұрғанынан хабарсыз еді.

 «Жетінші арна» продюсері Анар Ибраеваның айтуынша, Сәрсеновтер туралы сериалда жас отбасының өмірі арқылы отбасы құндылығы мен гендерлік теңдік дәріптеледі.

«Ер адам мен әйелдің қоғамдағы рөлі, отбасындағы қарым-қатынасы сюжет желісіне арқау болған сериал көпшіліктің, әсіресе, үй шаруасындағы келіншектердің көңілінен шығады, оларды жігерлендіреді. Ең бастысы, жастарымызға алған білімі мен өз әлеуетін пайдаланып, жаңа мүмкіндіктерге ұмтылуына мотивация береді деп сенеміз», — дейді Анар Ибраева.

Трейлер

Шығармашылық топ отандық киноиндустрияда, соның ішінде комедия жанрындағы жобаларда жиі қолданылатын «өтімді» әзіл арқылы көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды да мақсат еткен. Сериалдың продюсері «Африкадағы қазақша бизнес», «Түркиядағы қазақша бизнес» сынды көптеген комедиялық жобалар арқылы танылған Әнуар Мәтжанов болса, сериалдың режиссері –  «КВН», «ОрыStar» жобасы арқылы көпшілікке танылған Семен Махов.

«Түсірілім шілденің шіліңгір ыстық күндеріне тап келді, аптап ыстық салдарынан, тіпті, кеңседе өрт шықты. Біздің суретшілеріміз дер кезінде байқап, түсірілім жүріп жатқан Алматының қақ ортасындағы ірі бизнес-орталығын өрттен аман алып қалғанын айтқым келеді»,-дейді режиссер Семен Махов. Бір айта кетерлігі, түсірілім барысында Семен актерлермен тек қазақ тілінде сөйлесіпті.

Актерлерге келетін болсақ, танымал шоумен Нұрдәулет Шертім мен талантты актриса Гүлбаһрам Ахатова комедияда бас рөлді сомдады. Сондай-ақ, көрермен Шынар Жынысбекова, Асылбек Боранбаев, Ертуған Шаханов, Саттар Ерубаев сынды сүйікті актерлерінің де ойынын тамашалай алады. Сериалдың премьерасы 26-қыркүйекте «Жетінші арна» эфирінен көрсетіледі.

BOSS ӘЙЕЛ

BOSS ӘЙЕЛ

Телехикаяда ел қатарлы өмір сүріп жатқан жас отбасының интригаға толы өмірі баяндалады. Ермек – құрылыс компаниясында менеджер. Ал Маржан – бала тәрбиесімен үйде отырған ақылды да еңбекқор келіншек. Қызмет бабында тез көтерілуді көздеген Ермек бастығы Төрекені үйіне қонаққа шақырады.

Толығырақ