«Жетінші арна» қызықты әрі мазмұнды телеөнімдерімен көрерменін қуантуды жалғастыруда. Осындай жаңа жобаның бірі – «Әке мен әке» мелодрамалық сериалы 10 қазаннан бастап телеарна эфирінен көрсетіледі. Мелодрамада бұрынғы өгей қызымен жалғыз қалған жас полиция қызметкерінің тығырықтан шығар жол іздеген хикаясы баяндалады.
««Әке мен әке» сериалында ешқашан өзектілігін жоймайтын адамгершілік қасиет пен отбасы құндылығы дәріптеледі. Сондай-ақ әке қыз баланы тәрбиеле алмайды деген стереотип жоққа шығарылады. Сондықтан бұл сериал ауқымды аудиторияға арналған және көрермен жылы қабылдайтынына сенімдіміз», — дейді «Жетінші арна» продюсері Анар Ибраева.
Жоба продюсері және режиссері Дастан Алдабек көрерменге терең мағыналы кинематографиялық өнім ұсынуды көздегенін айтады. Сондықтан хикая драматургиясын жоғалтып алмас үшін кейінгі кездері жиі қолданылатын әсіре әзіл мен шағын-скетчтен әдейі бас тартқан.
«Біз үшін актерлердің аса танымал болғанынан гөрі олардың образға енуі, кейіпкерін аша білуі маңыздырақ болды. Сондықтан біз сериалдағы басты рөлдің бірін бұрын-соңды кадрға түсіп көрмеген 10 жасар оқушы қызға беруден қорықпадық. Осындай тәуекелге бардық. Ол біздің сенімімізді ақтады және өзінің сүйкімділігімен, бар ынта-жігерімен образды жақсы алып шықты»,- дейді Дастан Алдабек.
Жас полицейдің рөлін танымал актер Бақтияр Байсерік сомдаған болса, қосалқы рөлдер Нұржан Тұтов, Күнсұлу Шаяхметова, Дарын Шыныбек, Самал Нұрбаева сынды өз ісінің шеберлеріне бұйырған. Бақтияр Байсерік өмірде әке атанып үлгермесе де, сериалда қамқор әкенің рөлін тамаша сомдап шыққан. Оған сериалдағы қызы Дананың өзін «мультигым» деп еркелеткені себеп болса керек. Актер бұл рөлге сценарий ұнағандықтан келісім бергенін де жасырмады.
Сценарийге қысқаша тоқталып өтсек, Ален – қатардағы полиция қызметкері. Сүйіктісі оны шетелдік азаматқа айырбастап кеткенімен қоймай, жасөспірім қызын қалдырып кетеді. Ал Дананың туған әкесі бар, есімі Мақсат. Тұрақты түрде алимент төлегені болмаса, бала тәрбиесіне мүлдем араласқан емес. Мақсат түрлі сылтау айтып, Дананы алып кетуге асықпайды. Өгей қызға аяушылық танытқан полиция қызметкері амалсыздан әкенің міндетін атқаруға кіріседі. Қалай дегенмен, бөтен емес қой. «Көтере алмасаң, қосып арқала» дегендей, көп ұзамай Аленнің пәтеріне Мақсат көшіп келеді. Осылайша бала тәрбиесінен түк тәжірибесі жоқ қос әке Дананы тәрбиелеуге кіріседі. Дананың жасөспірім қыз бала әрі анасынан жырақта жүргенін ескерсек, «әке болу» миссиясы екеуіне де оңайға соқпайды.
Режиссер кинематографиялық өнім ұсынуды көздегендіктен кадрлар бір камера арқылы таспаланған және түсірілім жұмыстары 25 күнде аяқталған. Сондықтан сериалда әдемі кадрлар мен эмоцияға толы сәттер өте көп. Сериалдың премьерасы 10 қазанда «Жетінші арна» эфирінен көрсетіледі.
Ален – қатардағы полиция қызметкері. Сүйіктісі оны шетелдік азаматқа айырбастап кеткенімен қоймай, жасөспірім қызын қалдырып кетеді. Ал Дананың туған әкесі бар, есімі Мақсат. Тұрақты түрде алимент төлегені болмаса, бала күтімі мен тәрбиесіне мүлдем араласқан емес. Мақсат түрлі сылтау айтып, Аленді қызына уақытша бас-көз болуға көндіреді.
Толығырақ© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.