«Жетінші арнада» тұсаукесер – дәрігерлік детектив жанрындағы «Ауыл дәрігері» сериалы

«Жетінші арнада» тұсаукесер – дәрігерлік детектив жанрындағы «Ауыл дәрігері» сериалы

«Жетінші арна» көрермен назарына тағы бір жаңа жобаны ұсынғалы отыр. Егер бұның алдындағы екі телехикая мегаполисте түсіріліп, отбасы құндылықтарын дәріптеген болса, жаңа жобаның жанры да, локациясы да ерекше. Дәрігерлік детектив жанрында түсірілген «Ауыл дәрігері» атты сериалдың продюсері – Қазақстанда ғана емес, шет елдерде танымал, талантты режиссер әрі продюсер Асқар Бисембин.

«Дәрігер туралы телесериал түсіру мәселесі көтерілгенде бірден Асқар Бисембинмен жұмыс істегіміз келді. Себебі Асқар шетелде білім алған өте тәжірибелі маман, оның үстіне алғашқы мамандығы – дәрігер. Бір айта кетерлігі, продюсер өзінің дәрігер-әріптестерінен өте сирек кездесетін ауру түрлерін сұрастырып, сценарийге қостырған болатын. Бұл шығармашылық топтың көп ізденгенін, сценарий жазуға кәсіби дәрігерлердің атсалысқанын аңғартады. Сондықтан көрерменге ұнайтын шытырман әрі қызық жоба шыққанына сенімдіміз»,- дейді «Жетінші арнаның» продюсері Анар Ибраева.

«Ауыл дәрігері» сериалы – Еуропада жоғары оқу орнын тәмамдап, шалғай ауылға жұмыс істеуге келген жас маман туралы хикая. Сериалдың әр бөлімінде жас дәрігер ауыл тұрғындарының әдеттен тыс деменция,
галлюцинация (Шарль Бон синдромы), ішпей мас болып жүруі секілді өте сирек кездесетін ауруға ұшырау себептерін анықтауға тырысады. Оған әріптестері мен жергілікті тұрғындар көмектеседі. Әрине, хикаяда жас жігіт пен ауыл бойжеткені арасындағы шынайы махаббат сезімі де баяндалады.

Трейлер

«Түсірілім ауылдық жерде жүргізілетіндіктен, біз актерлердің кәсібилігінен бөлек, адами қасиеттеріне аса мән бердік. Жақсы жоба жасау үшін шығармашылық топ пен актерлер құрамының өзара ауызбірлікте болуы маңызды. Біз кәсіби және көңілді команда құра білдік. Ауа райының сан құбылуы мен бір актрисамыздың жиі ұйықтап қалып, аяқ астында имиджін өзгертіп жібергенін, түсірілім жүргізген ауылда екі ай әкім болмай, рұқсат алу үшін жаңа әкімнің сайланғанын күткенімізді айтпағанда, түсірілім ойдағыдай өтті. Көрерменге ұялмай, мақтанышпен көрсететін жоба  жасадық деп айта аламын», – дейді сериал продюсері Асқар Бисембин.

Көрермен жаңа сериалда елімізге танымал Еділ Анарбай, Ерболат Алқожаев, Диас Мырзахмет сынды актерлерді жаңа қырынан таниды. Бас рөлді жас әрі талантты актер Бекзат Жүнісов сомдайды. Бекзат жаңа рөлге өте мұқият дайындалған.

«Сценарийдегі аурулар туралы интернеттен іздеп, көп оқыдым. Бұған қоса, youtube желісінен хирургтардың жұмысымен таныстым, мысалы адамның жүрегіне ота жасау кезінде жүректің соғуын сезу үшін қай тұстан ұстау қажет екеніне дейін зейін қойып қарадым»,- дейді Бекзат.

 12 сериялы телехикая 24 қазанда «Жетінші арна» эфирінен көрерменге жол тартады.

Ауыл дәрігері

Ауыл дәрігері

«Ауыл дәрігері» сериалы – шалғайдағы Мерген ауылына жолдамамен келген жас маманның алғашқы еңбек жолындағы қиын да қызықты сәттері баяндалған хикая. Бас кейіпкер Медет – қалада туып-өсіп, «Болашақ» бағдарламасы бойынша еуропада білім алып келген дәрігер.

Толығырақ