Динара Сатжан

Динара Сатжан

Журналист, тележүргізуші, кәсіпкер, fashion-продюсер, қазақстандағы мультибрендті дүкендер желісінің иесі, сонымен қатар «Dinara Satzhan» брендінің иесі, блогер.

1982 жылы 21 қыркүйекте Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында дүниеге келген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алған.

Бірінші курста оқып жүргенде «Шахар» теле-радио компаниясына жұмысқа орналасып, Music Station атты жеке телебағдарламасын ашты. Сонымен қатар «Оңтүстік астана» телеарнасындағы жаңалықтар бағдарламасында тілші болған.

2006 – 2008 жылдары «Астана» телеарнасында жұмыс істеді, 2012 жылға дейін «Хабар» арнасында жүргізуші болды.

2008 жылы «Миссис Қазақстан» байқауында жеңіске жетті. 2012 жылдан бастап байқаудың ресми жүргізушісі болды.
«Статус QUO» (2012) және «Sky Студия» (2014) атты танымал бағдарламалардың авторы әрі жүргізушісі.

Динара Сатжан фэшн-индустрияда да табысқа жеткен.
2010 жылы отандық дизайнерлердің топтамаларын ұсынған шоурумдар желісін ашты.
2015 жылы Beauty room D.Satzhan орталығын ашып, онда сұлулық саласы бойынша мамандық алып шығуға болатын курстарды ұйымдастырды.
2017 жылдан бастап өзінің киім желісін шығара бастады.

2017 жылы «Қазақстан» РТРК басқарма төрағасының кеңесшісі ретінде Qazaqstan Ұлттық арнасының ребрендингін жүргізді.
2019 жылдан бастап Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі болып, сол салаға да белсенді араласа бастады.

Танымал тележүргізуші – Астанада өтетін Kazakhstan Fashion Week жобасының тұрақты серіктесі.
Қазіргі таңда оның кешкі шоулары – LATE NIGHT SHOW with Dinara Satzhan немесе The DS’ Show тұрақты түрде шығып тұрады. Бағдарламаға танымал адамдар қонақ ретінде келеді.