
«Ауылға апарар жол» – ата кәсіпті ардақтап, ұлттық құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жалғаған қазақы отбасының тыныс-тіршілігін баяндайтын телехикая.
Көкбел ауылының шетінде Бекболат ақсақалдың әулеті «Дала дәмі» қымызханасын ашып, жолаушыларға қызмет көрсетеді. Жетпісті еңсерсе де, шаруаның тізгінін қолдан бермейтін қария мен оның жары Әминаның өз уайымы бар. Ал ұлы Еламан мен келіні Ажар, немересі Ақжол мен жас келін Дана арасындағы қарым-қатынас та түрлі оқиғаға арқау болады. Әсіресе жас отбасының сәби сүйе алмай жүргені үлкендердің де, ауылдастардың да жиі сөз ететін тақырыбына айналған.
Қымызханаға келген әр қонақтың өз тағдыры мен айтары бар. Ән мен әңгіме, әзіл мен тартыс қатар өрілетін телехикая отбасы құндылықтарын, ұрпақ сабақтастығын, ұлттық салт-дәстүр мен ауыл өмірін суреттейді.