Маусымдық тұмау күшейген тұста болашақ аналар үшін қауіп артып отыр. Дәрігерлер жүкті әйелдерге екі есе сақ болуды ескертеді. Ал үй ішінде біреу ауырып қалса, сәбидің денсаулығына зиян келтірмей, қалай қорғануға болады?
Астанадағы бесінші қалалық емханада сақтық шаралары күшейтілген. Басқа пациенттерден ауру жұқтырмасын деп жүкті әйелдерді дәрігерге алдын ала жазып, бөлек есіктен кіргізіп жатыр.
Тұмау немесе жіті респираторлы вирусты инфекцияның белгілері болса, болашақ ана фильтр бөлмесіне жіберіледі. Бұл емханада қазір күніне 3-4 келіншектен осы вирус табылып жатыр. Сәби күтіп отырған бір әйел тұмау диагнозымен ауруханаға жатқызылған. Жүктілік кезінде иммунитет әлсіз болғандықтан, вирус жұқтыру қаупі екі есе жоғары.
ФЕРИЗАТ ДҮЙСЕМБИЕВА, №5 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНА ДӘРІГЕРІ:
— Үйді күнделікті 1-2 сағат сайын желдетіп отыру керек. Вирусқа қарсы препараттар қабылдау қажет. Күнделікті 1,5-2 литр жылы су ішу керек. Жылы судан бөлек, сілтілі суларды ішуге болады. Жүкті әйелдер жүктілік кезінде 7-8 сағаттық демалыс режимін сақтау керек. Сонымен қатар күнделікті дәрігердің тағайындауы бойынша препараттарды уақытында қабылдап отыру қажет.
ЗКТ: Үй ішінде біреу ауырып қалса, қауіп күшейеді. Мұндайда дәрігерлер арнайы бөлме бөліп, науқасты бөлектеуді, мүмкіндігінше маска режимін қатаң сақтауды ұсынады. Аурудың симптомы пайда болса, уақыт оздырмай дәрігерге қаралу қажет. Себебі кей жағдайда вирустық инфекция асқынып, болашақ ананың да, құрсақтағы баланың да жағдайына әсер етуі мүмкін.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.