АЙБАТ жаңалықтар қызметі | 24.01.2023

Қазақстан көктемгі су тасқынына дайын емес. Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин өзінің үкіметтегі баяндамасында осылай деді. Сөзінше, әкімдер апаттың алдын алмай, жылдағы міндетіне немқұрайлы қарап жатқан көрінеді. Қызыл судан қай өңірлер қиындық көруі мүмкін? Билік басындағылар неге жылда апатқа дайын болмай шығады?

Риддердегі жылу электр орталығының иесі ауысты. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов айтты. Нысанның жаңа қожайыны аз уақыт ішінде орталыққа кемінде 7 млрд теңге инвестиция құюы шарт. Аймақ басшысының сөзінше, бұл қаражат күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсалады. Еске салсақ, 19 қаңтарда Риддердегі жылу электр орталығында өрт шыққан. Кейін нысанның басшысына қатысты тергеу жүріп жатқаны айтылды. Сондай-ақ жылуға жарымаған жұрттан Даниал Ахметов кешірім сұраған болатын.

Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі бойынша Ұлттық музей директорының бұрынғы орынбасары ұсталды. Сот шешімімен Алмаз Нұразхан екі айға қамауға алынды. Еске салсақ, 17 қаңтарда Арыстанбек Мұхамедиұлының қамаудағы мерзімі тағы бір айға ұзартылды. Ол Ұлттық музей директоры болғанда халықаралық көрмеге бөлінген қыруар қаражатты қолды етті деп айыпталуда.

Сейсенбі, 24 Қаңтар 2023, 18:30

Соңғы шығарылымдар