AIBAT қорытынды жаңалықтар | 18.05.2022

Мәжілісмендер 5 маусым күні өтетін референдумға дайындықты бастап кетті. Көп жағдайда үнсіз қалуды жөн көретін депутаттар бұл күндері ауыл-аймақты аралап, халыққа науқанның маңызын түсіндіріп жүр. Әлеуметтік желіде ерекше белсенділік танытып, елмен түскен фотоларын жариялап, жарыса есеп беріп жатыр. Әріптесіміз Айя Мүтәлі депутаттардың желідегі парақшасын шолып, кімнің қайда жүргенін анықтап көрді.

Еттің бағасы шарықтады және бұл шегі емес, бұданда қымбаттауы мүмкін. Ақпаратты еліміздің Ет өндірушілер одағы жариялады. Ет пен ет өнімдерінің құны сәуірде 2 пайызға, ал соңғы бір жылда 15% өсіпті. Қымбатшылыққа жеткізушілер мен аула дүкендері және супермаркеттер кінәлі дейді одақ өкілдері. Айтуынша, елімізде етке сұраныс ешқашан азаймайтындықтан, «тауарлардың бәрі қымбаттап жатыр» дегенді желеу еткен саудагерлер бағаны әдейі өсіріп отырған көрінеді.

Түркістан облысында 46 жастағы әйелден Конго-Қырым қанды безгегі анықталды. Алдын ала болжам бойынша Бәйдібек ауданының тұрғынын кене шаққан болуы мүмкін. Аузы-мұрнынан қан кетіп, ауруханаға жеткізілген келіншек бір апта бойы үйінде өз бетінше емделген екен. Алайда ауруы одан әрі асқынып, 16 мамырда ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілген.

Сәрсенбі, 18 Мамыр 2022, 18:30

Соңғы шығарылымдар