АЙБАТ жаңалықтар қызметі | 28.06.2022

Шымкенттегі кеніштен алтын ұрлады деп айыпталғандарға сот үкімі шықты. Іске қатысы бар 14 адамның 11-і сот залынан босап шықты. Қалған үшеуі 8 жылға сотталды. Олардың ішінде түркиялық азамат та бар. Ал босап шыққан 11 адамнан трансұлттық қылмыстық топ құрды деген айып алынып тасталып, контрабандаға қатысы бары дәлелденген. Алайда олардың біразы жазасын уақытша ұстау изоляторында өтеп, енді бірі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай рақымшылыққа іліккен.

«Газ кіргізетін компания ақша жинап, алдап кетті». Осылай деген Тараздағы «Шаңырақ» шағын ауданының тұрғындары газ мәселесіне қатысты назын айтты. Олар әкімдік мақтаған мердігерге 22 млн теңгені санап берген. Енді екі жылдан бері не газ жоқ, не ақша жоқ. Данияр Әлімқұл тұрғындар мәселесін тыңдап қайтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін мерекемен құттықтады. Президент әділетті Қазақстан құру жолында журналистердің рөлі айрықша екенін атап өтті. Микрофон мен қаламды серік еткен жаңалық жаршыларына еңбек жолында табыс тілеп, кәсіби журналистердің қоғамда алатын орнына жеке тоқталды. «Бүгінде әлеуметтік желілерде, интернетте жалған ақпарат көбейіп кеткенін көріп отырмыз. Осындай күрделі жағдайда сіздердің шынайы әрі сыни көзқарастарыңыз түрлі келеңсіздікке тосқауыл болар еді», – деді Президент өз құттықтауында.

Сейсенбі, 28 Маусым 2022, 18:30

Соңғы шығарылымдар