АЙБАТ жаңалықтар қызметі | 04.07.2022

Қарақалпақстанды дүр сілкіндірген дүрбелеңнен 18 адам мерт болды. Өзбекстан Бас прокуратурасының ресми дерегі осындай. Жаппай тәртіпсіздіктен 243 адам, оның ішінде 38 тәртіп сақшысы зардап шеккен. Оқиғаға қатысы бар 516 адам тұтқындалды. Ал бейресми ақпарат көздері 2 мыңнан астам адам көз жұмғанын айтуда. Қарақалпақстандағы қазіргі ахуал қандай? Жансая Қапасқызы анықтап көрді.

Жыл басынан бері елімізде 6 мыңнан астам жол апаты тіркелген. Салдарынан 947 адам қаза тауып, 8 мыңнан астамы түрлі жарақат алған. Жантүршігерлік статистика ішкі істер министрлігінің арнайы брифингінде айтылды. Қайғылы жағдайға көбіне азаматтардың жол ережесін сақтамауы себеп. Нақтырақ айтқанда, елдегі жол апаттарының 95 пайызы темір тұлпар тізгіндегендердің жауапсыздығынан дейді мамандар.

Нұр-Сұлтанда құрылысы әлі жүріп жатқан жаңа мектепте балаларға орын жоқ. Жағалау ықшам ауданында қыркүйек айында қолданысқа берілетін «Binom» орта мектебіне құжат қабылдау  бүгін таңғы сағат 9-дан басталған. Алайда 5 минуттан кейін онлайн жүйе мектепте орын жоқ деп, өтініштерді қабылдамай қойыпты. Баласын мектепке орналастыра алмаған 500-ге жуық ата-ана енді мектеп босағасын күзетуге мәжбүр. Толығырақ әріптесіміз Аягөз Тұрсынбай сабақтасын.

Дүйсенбі, 04 Шілде 2022, 18:30

Соңғы шығарылымдар