Астанада Comic Con Astana – 2025 поп-мәдениет фестивалі жалғасып жатыр. Жексенбіге дейін 75 000-нан астам көрермен мен 10 000 шетелдік турист келеді деп жоспарланған. Бұл фестиваль комикс, кино, ойын және поп-мәдениетті сүйетіндер үшін креативті индустрияның маңызды оқиғасы болып саналады. Айта кетейік, ЮНИСЕФ алғаш рет ТМД мен Орталық Азиядағы ең ірі гик-мәдениет фестивалінің ресми серіктесі атанды. БҰҰ-ның Балалар қоры өкілдері іс-шара аясында цифрлық кеңістіктегі балалардың қауіпсіздігі мәселесін көтерді. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, қазақстандық оқушының 15 пайызы күн сайын қауіпті контентке тап болады, 21 пайызы кибербуллингке ұшырайды. Ал әр оныншы бала интернетте бейтаныс адаммен достасып, онлайн-эксплуатация қаупіне душар болған.
ЭЛЬВИРА ЯУШЕВА – ЮНИСЕФ ҚАЗАҚСТАН ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Бұл мәселе Қазақстан үшін шынымен де өзекті. Сондықтан біз павильонымызды киберқауіпсіздік тақырыбына арнадық. Ол көпфункционалды, интерактивті форматта жасалған. Кез келген адам арнайы ойындардан өтіп, киберқауіпсіздік бойынша жаңа білім ала алады. Мысалы, қандай хабарламалар фейк, ал қайсысы шынайы екенін ажыратуға, интернетте жағымсыз контентпен бетпе-бет келген кезде қандай эмоциялар туындайтынын түсінуге болады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.