Жұмыс күші тапшы өңірлерге 2000 астам адам көшіп барған

Жыл басынан бері жұмыс күші тапшы өңірлерге 2 мыңнан астам адам көшіп барған. Олардың жартысына жуығы – қандастар. Көбі Өзбекстан, Моңғолия және Қытайдан келген. Барлық қоныс аударушыға мемлекет тарапынан қолдау шаралары көрсетілді. Ең көп қоныс аударған аймақтар қатарында Павлодар облысы 672 адаммен бірінші орында тұр. Одан кейін Солтүстік Қазақстан облысы – 532 адам, Қостанай облысы – 330 адам. Қоныс аударған 790 еңбекке қабілетті адамның 374-і тұрақты жұмысқа орналасса, 10 адам жеке кәсібін ашқан. Көшіп барғандар негізінен білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және өндіріс салаларында еңбек етіп жатыр. Айта кетейік, жыл соңына дейін тағы 9 653 адамды көшіру жоспарланып отыр. Ерікті қоныс аударушыларға 70 АЕК көлемінде бірреттік төлем, тұрғын үй жалдау мен коммуналдық қызметтерге 12 айға дейін ай сайынғы субсидия, оқуға және жұмысқа орналасуға көмек, сондай-ақ экономикалық ұтқырлық сертификаты беріледі. Ал жұмыс берушілерге әр қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде субсидия қарастырылған.
———————————————