LiveGood қаржы пирамидасына қатысты іс сотқа жолданды

LiveGood қаржы пирамидасына қатысты іс сотқа жолданды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады. Тергеуді агенттіктің Маңғыстау облысы бойынша департаменті жүргізген. Іс қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқару, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражатты заңдастыру бойынша жүргізілді.Нәтижесінде 80-нен астам азаматтың қаржы пирамидасынан зардап шеккені анықталды. Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа күдікті Ақтау қаласынан екі пәтер мен Lexus автокөлігін сатып алған. Жылжымайтын мүліктің жалпы құны – 43 млн теңге. Сот санкциясымен оның 132 млн теңге көлеміндегі есепшоты мен мүлкіне тыйым салынды. Күдікті үйқамақта отыр.
ЕРНАР ТАЙЖАН — ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
— «LiveGood» компаниясы дәрілік заттар мен биологиялық белсенді қоспаларды сату түріндегі желілік маркетинг ретінде көрініп, шын мәнінде салымшыларды тарту арқылы кепілдендірілген табыс уәде етіп отырған. Өнімді сатып алу міндетті болмаған. Қатысушылардың табысы тікелей түрде жазылу құны 50 АҚШ долларынан басталатын жаңа адамдарды тарту санына байланысты болған.
———————————————