Бүгін – Су шаруашылығы қызметкерлері күні. Қазақстанда осы салада мыңдаған адам еңбек етеді. Байтақ даламызда судың басы-қасында жүрген, күні-түні кезекшілікте тұрып қалтқысыз қызмет еткен мыңдаған жұмысшының еңбегі елеусіз емес. Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылған сәттен бастап су саласы мамандарының мәртебесін арттыруға ерекше назар аударып келеді. Мәселен, «Табиғи монополиялар туралы» заңға түзетулер әзірленіп, қабылданды. Бұл биылғы 1 қыркүйектен бастап су саласындағы 25 мыңнан астам қызметкердің еңбекақысын электр және жылу энергетикасы саласының мамандары деңгейіне дейін көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жақын арада «Қазсушар» РМК-ның маусымдық 435 қызметкері тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілмек. Себебі су саласында кәсіби маман әлі де жетіспейді.
Былтыр Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды. Осы мамандыққа бөлінетін грант саны екі есе артты. 500-ден астам студент бюджет қаржысына білім алып жатыр. Олар оқуын аяқтаған соң «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында жұмыс істей алады. Сондай-ақ 120 қызметкер Қытайда тәжірибе алмасып, қосымша білім алуда. Су шаруашылығы мамандарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән берілуде. Былтыр олардың жалақысы 25 пайызға өсті. Биыл да көбейеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.