Петропавлда былтырғы тасқын кезінде су астында қалған сорғы стансасы толық жөнделіп, қолданысқа берілді. Жаңғырту үшін демеушілер 4 миллиард теңге аударған. Қала іргесінде орналасқан стратегиялық нысан 1970 жылы пайдалануға берілген, содан бері жөнделмеген. Еуропадан әкелінген соңғы үлгідегі 4 сусорғы кез келген климаттық жағдайда тоқтаусыз жұмыс істейді. Сондай-ақ орталықты үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету үшін жер асты желі тартылып, айналасы темір бетонмен қоршалды. Бөгеттің биіктігі – 5 метр. Айта кету керек, бұл шаhарды таза сумен қамтып тұрған жалғыз станса. Өткен жылы су басып, бүтін бір қала бірнеше күн тіршілік нәрінен таршылық көрген еді. Енді болашақта «Ойқала» шағын ауданында резервтік сорғы стансасы салынады. Қазір жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.
МҰРАТБЕК ӘБІШЕВ, СУМЕН ҚАМТУ КӘСІПОРНЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Ескі стансаның тек қаңқасы қалды. Құрылғылар толығымен ауыстырылды. 4 жаңа насос орнаттық. Әрқайсысы сағатына 3200 текше метр су сорады. Айта кету керек, олар судың астында тұрса да жұмыс істей береді. Сондай-ақ барлық жүйе автоматтандырылды. Әрі оны қашықтан басқаруға болады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.