Қызылордада инфекциялық аурухана есепшісі 129 млн теңге жымқырған

Қызылордада инфекциялық аурухананың бас есепшісі аса ірі көлемде ұрлық жасады деген күдікпен екі айға қамалды. Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, ол сатып алынатын медициналық кереуеттердің бағасын негізсіз көтерген.
Тергеу мәліметіне сүйенсек, тендерге қатысу үшін күдіктінің жұбайы жалған баға ұсынысын дайындап, 129 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырған. Мемлекетке келтірілген шығын толық өтеліп, жалпы құны 111 миллион теңге болатын мүлікке тыйым салынды. Бас есепшінің ісі сотқа жолданды.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Өткізілген тендердің нәтижесінде ЖШС мен аурухана арасында жалпы құны 259 млн теңгеге 220 медициналық кереует сатып алуға шарт жасалған. Бір кереуеттің бағасы 1,2 миллион теңге деп көрсетілген. Бірақ, шын мәнінде, оның нақты сатып алу бағасы 460 мың теңгеден аспаған, яғни көрсетілген бағадан үш есе арзан болған.
———————————————