Елімізде инфляция 11,8%-ға жетті

Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін жария етті. Ставка өзгерген жоқ, 16,5% деңгейін сақтап қалды. Орталық банк басшысы Тимур Сүлейменов экономикадағы бағаларға әлі де қысым барын айтты. Мәселен, маусым айында инфляция 11,8%-ға жетті. «Инфляцияның қарқын алуына ақылы қызметтер мен азық-түлік бағасының өсуі себеп», — дейді Ұлттық банк өкілдері.
Былтыр 4,8% өсім көрсеткен ел экономикасы осы жылдың алғашқы бес айында 6%-ға жетті. Нарықта ұсынысқа қарағанда сұраныс әлі де жоғары болғандықтан, бағаға қысым бар деді Ұлттық банк төрағасы. Басты сауда-серіктесіміз Ресейде инфляция бәсеңдеп, сыртқы инфляциялық қысым азайғанымен, қаржы нарығындағы геосаяси шиеленістер баға тұрақтылығына қауіп төндіріп отыр. Осыған байланысты реттеуші орган бағаны ұстап тұру үшін жыл соңына дейін ақша-кредит саясатын қатаң қалпында ұстауға бейіл екенін аңғартты.
———————————————