Үкімет Астананың сол жағалауындағы көлік кептелісімен күресті күшейтпек. Ол үшін 2025 жылдың соңына дейін интеллектуалды көлік жүйесін іске қосу көзделген. Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, бұл жүйе қаладағы тар орындарды ескеріп, көлік қозғалысын тиімді басқаруға көмектеседі. Қазір Есіл ауданы бойынша тиісті деректер жиналуда. Жоба Еуразиялық даму банкінің гранты есебінен іске асырылып, үлкен деректер мен жасанды интеллект негізінде трафикті болжауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, 2026 жылдың соңына дейін жеті көшеде жылдам қоғамдық көлік дәліздері пайда болып, қоғамдық көлік жаңғыртылады. Мәселен, былтыр 305 автобус сатып алынса, биыл тағы 300-і алынбақ. Бұл бастамалар қоғамдық көлік жылдамдығын 20%-ға арттыруы тиіс. Жалпы, үкімет басшысының айтуынша, 2026–2028 жылдары республикалық маңызы бар қалалардағы көше-жол желісін дамыту үшін 1,9 трлн теңге қажет болады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.