Түркістан облысындағы «Бауыржан Қонысбаев» кеден бекетінде бір аптадан бері он шақты жүк көлігі қаңтарылып тұр. Көлікте Өзбекстаннан тиелген жеміс-жидек бар. Жүктің өтуіне не кедергі?
Келес ауданындағы қазақ-өзбек шекарасында жеміс-жидек артқан жүк көліктерінің тұрғанына аптадан асқан. Тауардың алды бүліне бастаған жүргізушілер мен кәсіпкерлер шығынға баттық деп алаңдап отыр. Өзбекстаннан жеткен жүк көліктерін кеден бекеті Қазақстанға өткізгенімен, ел ішіне кіруге тыйым салған.
Кәсіпкерлердің алаңдайтын жөні бар. Өйткені өңірде екі күннен бері күн 45 градусқа дейін ысып тұр. Яғни жеміс-жидектің бүліну қаупі басым. Ал кеден бекетінің өкілдері жүк көліктерінің тұрғанына бір күн ғана болғанын айтады.
ДАРХАН БАЙДУЛЛАЕВ, «БАУЫРЖАН ҚОНЫСБАЕВ» КБ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қазіргі таңда кезең-кезең бойынша кедендік бақылау жүріп жатыр. Аталған 8 автокөліктің ішінде бір автокөлікке ғана кедендік жедел тексеру тағайындалды. Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер комитетінің бас диспетчерлік бақылау басқармасынан «күдікті» мөрі басылып, қазіргі таңда тексеру жүргізілейін деп жатыр. Яғни автокөлік инспекциялық тексеру кешенінен өту кезінде құжаттарында көрсетілген тез бұзылатын тауарлардың жүк көлігінің ішіндегі «сәйкестік емес» деген күдік тудырып, ахуалдық бақылау басқармасымен күдік мөрі басылған. Кедендік тексеруге жіберілді.
Кедендік бақылау қызметі өкілінің айтуынша, елге кіретін көліктердің құжаты дұрыс болса, мәселе 3-4 сағатта шешіледі. Қазірдің өзінде жүк көліктерінің алды өткізіле бастаған.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.