Қазақстанда автомобиль ұрлығының жаңа түрі пайда болды. Көлік тонайтындар енді радиосигналдарға кедергі жасайтын арнайы құрылғы арқылы ойларын жүзеге асыруға көшкен. Сондықтан тәртіп сақшылары тұрғындарды сақ болуға шақырады.
Бір қарағанға бәрі әдеттегідей болып көрінуі мүмкін. Көлік тұрақта тұр. Бірақ пульт жұмыс істемейді. Жүргізушілер мұндай сәтте көбіне «аккумулятор сөнді» немесе «жүйе уақытша істемей қалды» деп ойлайды. Яғни еш қауіп жоқ деп, жөнімен кете берді. Дәл осы кезде ұрылар көліктің жүксалғышын ашып, бағалы заттарды қолды қылады. Кейде тіпті көліктің өзін айдап әкетеді. Полиция мұндай жағдайлардан қорғану үшін арнайы қауіпсіздік жүйелерін орнатуға кеңес береді. Бірақ қазір қаскөйлер де қарап отырмайды — жаңа технологияларды меңгеріп, қорғаныс жүйелерін айналып өтудің жолдарын меңгеріп алған.
АЙДОС РАМАЗАНОВ – ҚАЛАЛЫҚ ПП ВЗВОДЫ КОМАНДИРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Автокөліктерді әсіресе түнгі уақытта қараусыз қалдырмауын сұраймыз. Көлікті тоқтатқанда міндетті түрде есік-терезелерін түгел жабуды ұмытпаңыздар. Одан бөлек, автокөлікті күзетілетін тұраққа қоюлары немесе жарық түсетін бейнебақылау орнатылған аумаққа қоюлары, сонымен қатар қосымша қауіпсіздік жүйелеріне, мысалы, дабыл жүйесі, құпия ажыратқыш, трекер, сенімді сигнализация орнатқандары жөн. Бөгде адамдар көлігіне жақын келіп, күмән тудыратын әрекеттер жасағанын байқаса, 102-ге хабарласуларын сұраймыз.
Қарапайым сақтық шаралары көлікті ұрлықтан қорғай алатынына жезқазғандық Хамит Арқаев та көз жеткізді. Қырағылының арқасында мүлкінің ұрлануына жол бермеген.
ХАМИТ АРҚАЕВ – ЖЕЗҚАЗҒАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Бірнеше ай бұрын есікті жапқанымда, әдеттегідей дыбыс шықты. Бірақ көлік шын мәнінде жабылмағанын байқадым. Дереу күдіктеніп, есіктерді жеке-жеке тексердім. Біреуі шынымен ашық қалған екен. Кейін түсінгенімдей, бұл «глушилка» деп аталатын ұрлық әдісі екен. Сол күннен бастап әрқашан есікті ашып-жауып тексеремін, GPS орнатып қойдым, енді көңілім тыныш.
Автоэлектрик Андрей Чехомов мұндай айлалармен жақсы таныс. Сондықтан жүргізушіні мұқияттылық мен сапалы дабылқаққыш жүйесі ғана қорғай алады дейді.
АНДРЕЙ ЧЕХОМОВ – АВТОЭЛЕКТРИК:
— «Глушилка» деп аталатын әдіс арқылы радиосигналдарды тұншықтырып, пульт арқылы келетін толқындарды бұғаттауға болады. Жүргізуші көлігін жаптым деп ойлайды, ал жанында тұрған ұры – код-грабер арқылы көлікті қайтадан ашады. Сондықтан телематика, джсм, трекер секілді қосымша қауіпсіздік жүйелерін орнатқан абзал.
«Көлік ұрлығы – көп жағдайда алдын ала ойластырылады. Сол себепті көлікті қорғаудың ең қарапайым жолы – мұқияттылық пен қосымша қорғаныс жүйелерін орнату», — дейді мамандар.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.