Қазақстанда жылына 5 мыңға жуық бет-жақ отасы жасалады

Қазақстанда жыл сайын бет-жақ сүйегі хирургтары бес мыңға дейін операция жасайды. Негізінен, олар туа біткен ақаулар: қоянжырық пен қасқыртаңдай секілді кемістікті түзейді. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай ақаумен жылына 200-250 бала дүниеге келеді. Бұдан бөлек, ойнап жүріп, бетін жарақаттап алатын бала көбейген.
Әр науқасты өз баласындай көретін дәрігер Юсуп Гусейнов бүгін сырқатынан құлан-таза айыққан пациентін үйіне шығарып салды. Астанадағы №2 балалар ауруханасының бет-жақ хирургиясы бөлімінде Оралхан сияқты қырықтан астам бала ем алып жатыр. Біріне қоянжырық отасы жасалған. Екіншісінде – қасқыртаңдай. Бірақ көбі ойнап жүріп бетін жарақаттап алған. Юсуп дәрігер баланың тіл жүгеншігі отасын жасап болып, бізге сұхбат берді.

ЮСУП ГУСЕЙНОВ – БЕТ-ЖАҚ ХИРУРГЫ:
— Ең ауыр жағдай деп бетін арба басып қалған баланы айтар едім. Бет сүйегі, маңдайы, мұрны сынған. 6 сағат операция жасадық. Шашырап қалған сүйектерін жинадық.

9 жастағы Диас үш күн бұрын операциядан шықты. Жеткіншектің ауыз қусында артық ет өскен. Ата-анасы оны баланың қисық тісін түзетеміз деп ортодонтқа апарғанда бір-ақ білген.

ГҮЛНАЗ ҚОЖАҚҰЛОВА – БАЛАНЫҢ АНАСЫ:
— Мені ортодонт врачтар шақырып алып: «Анасы, тісін әзірге қоя тұрыңыз, балаңыздың ауыз қуысында артық ет өскен», — деп айтты. Басында кішкентай болған, сосын үлкейді. Ол үлкейіп, баламның бетіндегі сүйекті жеген. Оған тез арада ота істеу керек еді. Осы кісілерге рахмет. Артық етті алып тастап, тазалап, сүйегін салып берді. Қиын операция болды негізінде.

Дәрігердің айтуынша, бет-жақ хирургиясы бөліміне жеке клиникада тісін емдеткеннен кейін жағдайы күрт нашарлаған науқастар жиі түседі. Сондай-ақ, бет-жақ сүйегі қисық біткен немесе ойнап жүріп жарақат алған бала көп. Бүлдіршін кезінде жақ сүйегі сынып, салдары енді білініп жатқан жеткіншектер осы жерде емделіп жатыр. Былтыр ақ халаттылар 2 мыңға жуық баланың бетіне түрлі ота жасаса, соның 16-сы қасқыртаңдай, 12-сі қоянжырық ақауы. Биыл жарты жылда мыңнан астам баланың бетіндегі кемтігі жойылып, жарасы жазылды.
———————————————