Елорданың арқаға ауғанына биыл 27 жыл толды. Кезінде 300 мың ғана тұрғыны бар шағын шаһар, бүгінде 1,5 млн халқы бар алып мегаполиске айналды. Енді Астананың ертеңі қандай болады?
Ол тарихи күн 1998 жылдың 6 мамыры болатын. Президент Жарлығымен Қазақстан елордасы Астана қаласы болып аталды. Ал 20 мамырда «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Сол жылғы 10 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Армандар орындалатын қалаға ағылған жан көп. Жыл сайын келіп-кететін туристерді айтпағанда, қазір тұрғын саны 1,5 млн-нан асты. Ал 27 жыл бұрын мұнда небәрі 300 мыңға жетер-жетпес адам бар еді.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Жыл өткен сайын Астана түрленіп келеді. Түрлі архитектуралық көз сүйсінтер келбетінен бөлек, қаланың көк желекке орануы ерекше сән беріп тұр. Биыл елордада бір миллион түптен аса жасыл желек отырғызыла бастады. Көгалдандыру жұмысы қаланың барлық аудандарын, оның ішінде гүлзарларды, аулалар мен жағалауларды қамтиды. Көшелерді кешенді абаттандыру да жүріп жатыр.
Аспалы 4 көпір – «Арқар», «Марал», «Тұлпар», «Беласар» астананың ажарын ашып, есіп аққан Есіл де көп жұртты еріксіз елітеді. Моторлы қайықпен серуен құрғандар қала сәулетіне тамсанумен кетіп барады. Бір қараған көзге бәрі жақсы. Бірақ қала үлкейген сайын мәселе де көбейе түскен. Көшеде көлік қаптап, кептеліс күшейді. Салдарынан қаланың ауасы да ластана бастады.
ӘЛИЯ БАЙМАҒАНОВА, ҚЭҰҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:
— Әрине, елордамыз Астананың экологиялық тазалағы бізді қатты толғандырады. Мемлекет қазір автокөліктерге де, жанармай шығаратын, газ бөлінетін кәсіпорындарға талапты күшейтті. Дегенмен ауаның ластануы, қаптаған автокөліктен бөлінетін қалдықтың адам ағзасына зиянын тигізіп жатқанын талай айтып жүрміз. Әзірге бұл – шешімін таппай келе жатқан мәселе.
Мамандар бұл мәселенің көп ұзамай шешілетініне сенімді. Өйткені бұл бағытта кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Қаланың тіршілігі тоқтамайды. Елорда дамылсыз даму үстінде. Бағбан еккен әр талдың бұтағы көкке ұмтылып, аспанмен таласқан талай зәулім ғимарат әлем жұртының аңсарын аудартқаны қашан. Туған күніңмен, ару Астана!
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.