Депутаттар демалысқа кетті: енді өңірлерде халықпен кездеседі

Бүгін Парламент сессиясының қорытындысы шығарылып, депутаттар- қыркүйекке дейін демалысқа шықты. Осы уақыт аралығында халық қалаулылары өңірлерге барып, халықпен жүздеспек. Жұртшылықты нендей мәселе толғандырады, соны білмек. Жалпы биылғы жылы қос палатада 158 заң жобасы қаралған, 89 заң қабылданды.
Халық қалаулылары демалысқа шығып, халықтың мұң-мұқтажын білу үшін ауыл-аймақты аралайды. Депутат Абзал Құспан Батыс Қазақстан облысына аттанбақ. Айтуынша, бұл өңірде шаруаларды толғандырған түйіткіл көп. Ақ бөкен алқаптарды таптап, диқандарға маза бермей жатыр. Аймақтың 5 ауданындағы егінжайға киіктен зардап келген. Киіктің көбеюуі, ақ бөкендер орасан шығын келтіруде.

АБЗАЛ ҚҰСПАН, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Әлеуметтік қақтығыстарға әкеп соғады. Экология және Ауыл шаруашылығы министрімен кездесіп, алгоритм жасап, сол ұсыныспен бара жатырмын. Киік басын реттеу керек. Табиғатты қорғаушылар киікке тиісуге болмайды деп шығады, онда адамдарды малымен қосып көшіріп жібермейміз ғой. Киік өсіру керек деп елді көшіріп жібермейміз ғой. Малдың басын қалай реттейміз, дәл солай киіктің басын реттеу керек. Ол енді ату арқылы бола ма, көшіру арқылы бола ма, ол енді басқа мәселе.

Елімізде су тапшылығы бұрыннан бар. Тіршілік нәрін үнемдеу үшін биыл заңға бірнеше түзету енгізілді. Бұдан бөлек, қоғамда көп пікірталас тудырған жаңа салық кодексіне қатысты сұрақ туындады. Депутаттар онкология, полиатив тәрізді әлеуметтік маңызы бар дерттер бойынша дәрі-дәрмектерге қосымша құн салығын салғызбады. «Бұл препараттардың күрт қымбаттауына жол бермеді», — дейді депутат Асхат Аймағамбетов.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ — МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Қосымша құн саралау бойынша өзгеріс енгіздік. 15 млн-нан 40 млн-ға дейін көбейттік. Кітаптарды қосымша құн салығынан босату бойынша шешімдерді осы жерде қабылдадық. Парламент бұған қоса, бір картадан екінші картаға аударым жасағандаболатын комиссияны алып тастадық.
Жалпы парламенттік маусымда Денсаулық сақтау министрінің жұмысы көп сынға ұшырағаны рас. Оның бірі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты. Жауапты ведомство бұл бағытта кешенді, жүйелі жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА — ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
— МӘМС жүйесін әрі қарай жетілдіру, қосмыша МӘМС жүйесіне қаражат тарту арқылы, 2035 жылға дейін тұрақтылығын қамтамасыз етуге қадамдар жасадық. Қызметтің сапалы, тұрақты болуын қамтамасыз етеміз.
Былтыр білім беру саласы бұрын-соңды болмаған үлкен реформаларға ұшырады. 7 заңнамалық құжат қабылданып, 94 түзету енгізілді. Ал биыл 5 заң жобасы қолданысқа енгізіліпті. Ағарту ісі мен мәдениет саласының жұмысын жетілдіру жөнінен бастамалар аз емес. Қыркүйекте жаңа заң нормалары ұсынылмақшы. Ол – ғылыми жобалардың жеңімпазарына бір реттік төлемдер тағайындау, фонограмамен ән айтуға тыйым салу тәрізді түзетулер.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА – ТІЛШІ:
— Бүгін сегізінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясындағы жұмысы аяқталды. Осы уақыт аралығында палаталардың 3 бірлескен отырысы, Сенат пен Мәжілістің 39 жалпы отырысы өтті. 158 заң жобасы қаралып, оның ішінде 89 заң қабылданды. Күн тәртібіндегі мәселер, атап айтсақ, Салық, бюджет, Су кодекстері бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов парламенттік маусымда әлеуметтік-экономикалық маңызды салалар бойынша тиісті заң нормалары қабылдананғанын жеткізді. Барлық бастама халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Келесі сессияда депутаттар құрылыс кодексі, құқықбұзушылықтардың алдын алу, банктер мен банк қызметі туралы заң жобаларын қарамақ. Ең бастысы, депутаттар: «Елдің мүддесі үшін еңбек етеміз», — деп отыр.
———————————————