Қазақстан мен Ресейдің өткізу пунктерінде шеті көрінбейтін көлік кептелісі қалыптасты. Әсіресе Орынбор облысымен арадағы бекеттер көлікке лық толы. Халық не әрі, не бері өте алмай, екі ортада қалып қойған. Жолаушылар жағдайды түсіндіретін ешқандай ақпараттың жоқтығына ашулы. Жолдағы ұзын-сонар кезектің себебі не?
Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Қазақстаннан Ресейге өту біршама қиындық туғызып отыр. Сондай-ақ Ресейден Қазақстанға бағыт алған көліктер де ұзын-сонар кептеліске тап болған. Мысалы, Батыс Қазақстан облысы мен Орск арасындағы «Теплое» өткізу бекетінде көлік саны көп болмаса да, бір сағат ішінде бар болғаны 9 көлік өте алған. Ал «Маштаково» пунктінде жағдай одан да күрделі, Мұнда Ресейден шыға алмай тұрған көліктердің ұзын кезегі байқалады.
Күрделі ахуал Орск – Әлімбет өткізу бекетінде қалыптасқан. Бұл тұста Қазақстаннан Ресейге өте алмай тұрған жүк көліктері ғана емес, жеңіл көліктер де жиналып қалған. Куәгерлердің айтуынша, жүргізушілер бірнеше тәулік бойы кезекте тұр. Жолаушылар мен көлік иелері ауызсу мен азық-түлік тапшылығына, сондай-ақ санитарлық жағдайдың жоқтығына шағымдануда. Аптап ыстық та халықты әбігерге түсіріп отыр. Аталған бекетте қозғалыс тек бүгін таңға қарай жандана бастаған. Дәл осындай қиындықтар басқа өткізу бекеттерінде де тіркелген. Атап айтқанда, «Петухово – Жаңа Жол», «Бугристое – Қайрақ» және «Сагарчин – Жайсаң» шекара бекеттерінде де ұзақ кезектер пайда болған. Электронды жүйенің жұмысы тоқтап қалды ма деген сұраққа Мемлекеттік кірістер комитеті жауап бермеді. Шекара қызметінің Батыс аймақтық басқармасы Жайсан бекетінде кептеліс әлі бар екенін растады.
ЖАСҰЛАН ШАРМАҚОВ — ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ МАМАНЫ
— Орынбор мен Жайсаңда Жайсаң авто деген шекаралық бақылау бөлімі бар, ол жақта жаңа жүйе болғандықтан, кезекке тұру процесі кешіктіріліп жатыр. Көп жүргізуші білмейді, соған байланысты.
Ресейлік ақпарат көздері бұл жағдайдың туындауына шекарада енгізілген жаңа тәртіп себеп болғанын алға тартады. 30 маусымнан бастап Ресей билігі RuID деп аталатын жаңа цифрлық жүйені іске қосты. Бұл жүйе бойынша шекарадан өту үшін азаматтар алдын ала арнайы өтініш беріп, QR-код алуы керек. Алайда өтініш жіберілгеннен кейін, код тек 72 сағат өткен соң ғана беріледі.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН – ТІЛШІ:
— Кешке қарай Батыс Қазақстан облысының «Маштаково» бекетіндегі жағдай тұрақтала бастағандай болды. Орск бағытына қарай көлік легі азайғаны айтылады. Алайда бұл – тек сырт көзге ғана солай. Жүргізушілердің айтуынша, негізгі кептеліс әлі де бейтарап аймақта шоғырланған. Ал негізгі көлік ағыны Қазақстан жағынан, көліктердің басым бөлігі Қырғызстан мен Тәжікстан нөмірлерімен жүр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.