Ұлттық банк азаматтардың шоттарын бақылауға алады

1 шілдеден бастап Ұлттық банк ел азаматтарының қаржы институттарындағы шоттарына үңіле алады. Тиісті қаулы ертеңнен күшіне енеді.
Бұдан былай еліміздегі барлық екінші деңгейлі банк азаматтардың банктік салымдары жайлы деректерді Ұлттық банкке ұсынуға міндетті. Ертең, яғни1 шілдеден бастап тиісті қаулы күшіне енеді. Оған сәйкес, банктік шоттың иесі туралы есеп формасы, банктік шотқа қатысты келісім туралы есеп формасы, банктік шот туралы есеп пен операциялар туралы есептілік көрсетілуі тиіс. Деректердің толықтығы мен дұрыстығы депозиттік ұйым басшысының немесе есептілікті қол қоюға міндеттелген басқа тұлғаның жауапкершілігінде болады.

ЗЕЙНЕТАҚЫНЫ ШЕШІП АЛУ
Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу бойынша жеткілікті шекті төмендетуге қатысты шешім қабылданды. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, оны ерте жаста шешіп алу – қартайғанда төленетін зейнетақы құнының төмендеуіне әкеп соқтырады. «Сондықтан дәл қазіргі уақытта мұны істеудің қажеті жоқ», — деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа жеткілікті шек енгізілген болатын. Ол 2023 және 2024 жылдарғы көрсеткішпен бірдей. Дәлірек айтқанда, 20 жастағы азаматтар үшін – 3 миллион 260 мың теңге, 30 жастағы үшін – 4 миллион 580 мың теңге, ал 40 жастағы үшін жеткілікті шек 6 миллион 100 мың теңге.

ТАБЫСЫ КӨПТЕР САЛЫҚТЫ КӨБІРЕК ТӨЛЕЙДІ
Енді кім көп табыс тапса, сол салықты көбірек төлейді. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов осылай деді. Бұл ретте, табысы төмен азаматтар үшін елеулі жеңілдіктер қарастырылған. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлемдер жеке табыс салығынан босатылмақ. Мәжіліс спикерінің айтуынша, қабылданған жаңа Салық кодексі мемлекет – бизнес – қоғам арасындағы әділетті қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашады.
———————————————