Шымкентте қазақи ауланың бар екенін білесіз бе? Қаладағы тұрғын үйлердің бірінде аула түгел ұлттық нақышта безендіріліп, ою-өрнекпен әрленген. Онда кілем мен түскиіздің бірнеше түрі, тарихқа толы сандық бейнеленген. Тіпті подьезд бен балалар ауласы да қазақы қалыпқа енген. Ал үйдің жертөлесі шағын музей деуге болады.
Дана Бектаева өзі тұратын тұрғын үй ауласын әрлеп қана қоймай, қазақы ауылға айналдырды. Мұнда подьезден бастау алған ұлттық ою-өрнек бейнелері ауладағы әрбір дүниеде көрініс табады. Ескіні жаңаға айландыруды мақсат еткен әйел тек өзгерісті ғана емес ұлттық кодты дәріптеуді ойладым дейді.
ДАНА БЕКТАЕВА – ЖОБА АВТОРЫ:
— Айналамыздың бәрі айра-жайра, көрініс нашар болды деп айтуға болады енді. Сонымен 2015 жылдан бері жаймен бастадым, кішкентай бағымды жасадым. Менің кілем коллекциям үлкен, ең ірі кілем, сандық коллекциям бар. Сонымен таныстырайын деп бастадым, «мен істемесем кім істейді деп» жасадым.
Бұл аулада XVIII-XIX ғасырдағы ұлттық нақыштағы кілемдер бейнеленген. Ал көлікжайларда тұскиіздер, балалар алаңында сандық пен кебеженің түр-түрі салыныпты. Мұнда осы жобаға атсалысқан және қаржылай қолдау көрсеткен жандардың есімі де көрсетілген.
АҚМАРАЛ ОСПАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Өте ерекше аула, қазақи. Балаларымыздың ою-өрнекке деген қызығушылығы артты. Үлкен баламның қызығушылығы өте мықты. Дана Бектаеваның инстаграмын көріп жүреді, Қазақстанда бірінші рет осынша кілем жинаған екен деп қызығады. Осындай жерге түскенімізге қуанамыз. Қазақы салт-дәстүріміз жасай берсін! Балаларымыздың көзі таныс боп көріп жатқанына өте қуаныштымыз!
АҚБОТА ОСПАНОВА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ (ҚОНАҚ)
— Әпкемнің үйіне қыдырып келгем, мына ауланы көріп бір керемет қазақы ортаға түскендей болдық. Кілемдер іліп қойғандай керемет сезімде болдық. Адамды өзіне баурап алатындай, басқа жақта жоқ ерекше жер.
Дана Бектаева үйдің жертөлесін шағын қазақи музейге айналдырған. Мыңдаған кілем мен жүзден аса сандық жинаған коллекционер, қазақи бұйымдардың біразын осында орналастырыпты.
ДАНА БЕКТАЕВА – ЖОБА АВТОРЫ:
— ХІХ ғасырдың төсек ағашы бар. ХІХ ғасырдың бесігі, кебежелері, сандығы тұр. Каталогымыз бар, барлық заттың философиялық мағынасы бар. Осы заттардың бәрін сақтауға қанша уақыт кетті, көп сандықты реставрация жасадық, көп күш кетті. Елге керек, ұрпағымызға керек.
Идея авторы енді өзінің коллекциясындағы бірнешеден ғасырдан бері келе жатқан кілемдері мен сандықтардан тұратын үлкен мұражай ашуды мақсат етіп отыр. «Дегенмен мұндай жұмысқа үлкен қолдау қажет», — дейді ол.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.