Алматы облысында жантүршігерлік оқиға болды. Жалпақсай ауылындағы футбол алаңында ойнап жүрген баланы тал-түсте үш ит талап тастады. Қазір ол ауруханада жатыр.
Қайғылы оқиға түскі уақытта болды. Жалпақсай ауылындағы футбол алаңында ойнап жүрген 10 жастағы баланы бірнеше ит тұтқиылдан келіп талап тастаған. Абырой болғанда, тұрғындардың бірі қан жоса болып, шырылдап жатқан Максимді аман алып қалған.
Ашуға булыққан жұрт енді иттердің иесі жазасын алғанын талап етіп отыр. Олардың айтуынша, иттердің иесі төртаяқтыларды оңалту орталығы аумағында ұстайды.
СЕРІКБЕК САҚАЙБЕКОВ – ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫН:
— Стадионнан топырлаған бала-шаға қашып шықты. Сосын бәрі жылап жатты бәрі. Мен: «Не болды?», — деп едім, «Аға, құтқарыңызшы, ана жерде бір баланы ит талап жатыр», — деді. Баланы көргенде қан-қан болып жерде жатты. Сосын жүгірдім. Тәпішкемнің бәрін шешіп, жүгіріп келсем, питбуль баланы шатынан тістеп, лақтырып жатыр екен.
Серікбек Сақайбеков баланы иттерден пышақпен әрең құтқарып алған. Соның өзінде питбульмен арпалысып жатқанда, екіншісі Максимді жұлмалап жатқан. Суық қаруды екінші рет қолданғанда ғана аяусыз иттер қаша жөнелген.
ЕКАТЕРИНА БУРМИСТРОВА – ЖАПА ШЕККЕН БАЛАНЫҢ АНАСЫ:
— Балалар жүгіргенде ол соңында болған. Сөйтіп, әлгі иттер баламды қуып жетіп, талай бастаған. Енді түнімен шошып, дұрыс ұйықтай алмай жүр. Бүкіл денесі ауырады. Жатуға да, отыруға да қиналады.
Дәрігерлердің айтуынша, бала басынан, бетінен, мұрнынан, құлағынан және санының бірнеше жерінен жарақат алған. Абырой болғанда көмек дер кезінде көрсетіліп, ауыр зардаптардан аман қалған.
АЛТАЙ ДОСТИЯРОВ – ҚАРАСАЙ АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ ТРАВМАТОЛОГИЯ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
— Қазіргі жағдайы кешегіге қарағанда бір қалыпты. Орташа қалыпты. Протокол бойынша ем алып жатыр.
Аталған оқиға бойынша жергілікті полиция қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
МЕРУЕРТ МОРЯКОВА – АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Қазіргі таңда оқиға куәгерлері сұралып жатыр, істің барлық мән-жайын толық әрі объективті анықтауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Аудан әкімдігі де жағдайды бақылауға алып, иттерді ұстау ережелерін қатаңдатуға уәде берді. Ал тұрғындар балабақша мен спорт алаңдарынан қаңғыбас және қауіпті иттерді түгел әкетуді талап етіп отыр.
ИСЛАМ БАУЫРЖАНҰЛЫ – ҚАРАСАЙ АУДАНЫ ҰМТЫЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
— Балалардың өміріне қауіп келіп тұрғандықтан, қоғамға зияны тимес үшін иттерді алып тастау бағытында жұмыс атқарамыз. Қазіргі уақытта жануарларды дұрыс емес ұстау заңы бойынша бұл кісілерге әкімшілік хаттама толтырылды. Тағы да қосымша бұл бағыттағы жұмыстар атқарылады.
Қазір Максим дәрігерлердің бақылауында. Жақындары оның тезірек сауығып кетуін тілеп отыр. Ал ауыл тұрғындары әлі де болған оқиғадан ес жия алар емес. Мұндай жағдай жергілікті билікке дабыл болуы тиіс дейді. Сондықтан шұғыл шаралар қабылдануы керегін алға тартады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.