Құлсарыда әйелін қатыгездікпен өлтірген ер адам 15 жылға сотталды

Атырау облысы Құлсары қаласында бұрынғы әйелін асқан қатыгездікпен өлтірген адамға сот үкім кесті. Судья оны 15 жылға бас бостандығынан айырды. Жәбірленуші тарапқа 15 миллион теңге көлемінде моральдық шығын мен 118 мың теңгеге жуық сот шығынын өтеуі тиіс.
Қанды оқиға 28 наурызда болған. 33 жастағы ер адам бұрынғы әйелін жұмыс орнына іздеп барып, сол жерде бауыздап тастаған. Ал қанжоса болған келіншекті емхана қызметкерлері ажалдан арашалап қала алмады. Отыз жастағы марқұмның артында кәмелетке толмаған баласы жетім қалды.
МАРАЛ НАУРЫЗХАН – СУДЬЯ:
— Сот жаза тағайындау барысында Сейітмағанбетов сіздің кінәңізді ішінара мойындап, шынайы өкініп отырғанызды, сіздің жауаптылықпен жазаңызды жеңілдететін мән-жайды ескерді. Ал сіздің жауаптылық пен жазаңызды ауырлататын мән-жай ретінде сот анықтамады. Қылмыстық Кодекстің 99-бабының 2-бөлігінде 15-20 жыл не өмір бойына бас бостандығынан айрылу жазасы көзделген. Алайда сот барлық мән-жайларды ескере отырып, сізге 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
———————————————