Абай облысындағы Медеу ауылв Ақмола облысындағы Первомай ауылы, Қостанай облысындағы Николаевка ауылы тұрғындары биыл ауызсу тасу азабынан құтылады. Аталған елді мекендерге су құбырын тарту жұмысы осы жылдан қалмай аяқталуы тиіс. Сусыз отырған ауылдардың проблемасы бүгін Үкіметте көтерілді. Су министрі жыл соңына дейін 150 ауылды ішетін сумен қамтимын деп отыр.
Су ресурстары мен өнеркәсіп және құрылыс министрлерінің ауызсуға қатысты Президенттен алған тапсырмасы зор. Екі министрлік жыл соңына дейін барлық елді мекенді жүз пайыз сумен қамтуы керек. Қазір бұл көрсеткіш қалада — 99,3%, ауылда — 97,5%. Елдегі 90 қаланың 17-інде су проблемасы бар. Құрылыс министрі Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Семей, Арқалық, Шу, Ақтау және тағы 9 қаланың ауыз су мәселесін қалған алты айда шешпек. Ал, суға жарымай отырған 400-ден астам ауылды қайтетінін су министрі айтып берді.
НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ, СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ:
— 2025 жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойынша шамамен 250 км су құбыры желілері салынды. Жыл соңына дейін 6 облыста 10 жоба пайдалануға беріледі деп күтілуде. Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде шамамен 500 мың тұрғыны бар 150 ауылдық елді мекеннің сумен қамту жағдайы жақсарады, оның ішінде 1542 тұрғыны бар 4 ауылға алғаш рет орталықтандырылған ауызсу жүйесі қосылады. 12,53
Әйтсе де Нұржігітов пен Нағаспаевтың халықта су болсын деп істеп жатқан кейбір шаруаға Үкімет басшысының көңілі толмайды. Олжас Бектенов бірқатар нысанда жұмыс неге кешігіп жатыр деп себебін сұрады.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ – ПРЕМЬЕР-МИНИСТР:
— Кейбір жобалардың іске асыру мерзімдері созылып кетті. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Соколов» топтық су құбырының жаңғырту жұмыстары, сондай-ақ Ақмола облысындағы Талапкер және Қажымұқан ауылдарына су құбырының тарту жобасы. Мұның себебі неде және қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ, СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ:
— Біріншіден, жылдан жылға бюджет тарапынан қаржы толық бөлінбеуі, екіншіден, мердігерлер сапасыз және уақытылы жұмыс істемеуі. Сіз атаған екі жоба бойынша бүгінгі күні Ұлттық қордан екі жобаға 5 миллиард 800 миллион теңге бөлінді. Қосымша арнайы мемлекеттік қордан биыл тағы да 5,5 миллиард алдық. Соколов жобасы бойынша тағы да 650 млн теңге жетіспей отыр.
Тозған құбырлар жаңартылып, ауыстырылғанымен ауызсуды үйдегі краннан құйып ішу мүмкін емес. Басқаны айтпағанда, бас шаһардың тұрғындары ауызсуды дүкеннен тасып ішуге мәжбүр. Тілшілер су министрінен «краннан су ішесіз бе» деп сұрады. Нұржан Нұржігітов өңірлерге барғанда әрдайым су ішетінін айтты, бірақ қайдан құйып ішетінін нақтылаған жоқ.
НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ, СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ:
— Орталықтандырылған ауызсу жүйесінде сағат сайын су сапасы тексеріледі. Арнайы зертханалар бар, СЭС оны қосымша бақылап отырады. Судың сапасы нашарлап кеткен жағдайда техникалық ақаулар салдарынан болады. Біз қашан фильтрден су ішпейміз немесе сатып алып ішпейміз дегенге келсек, бұл адамның өзінің көзқарасына байланысты деп ойлаймын. Бүкіл дүниежүзінде дүкендерде бөтелкедегі су сатылады. Бізде де солай. Керек болған жағдайда біз оны сатып алып ішеміз.
Бүкіл Қазақстанды сумен толық қамту тапсырмасын министрлер қалай орындағаны жыл соңында белгілі болады. Үкімет басшысы бұған облыс әкімдері де жауапты деді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.