Бүгіннен бастап Ұлттық банк қазақстандықтардың барлық есеп-шотын бақылауға алады. Яғни елдегі екінші деңгейлі банктер, шетелдік банк филиалдары, Қазақстанның даму банкі мен Қазпошта клиенттері туралы есеп беруге міндетті. Бұл дербес деректің қорғалуына қаншалықты кепілдік береді?
Ұлттық банктің қаулысына сәйкес, тек депозиттер емес, барлық банк шоттары есепке алынады. Яғни ағымдағы шоттар, мерзімді және жинақ депозиттері, жеке кәсіпкерлердің шоттары, инвестициялық және шартты салымдар, тіпті қалдығы нөлге тең болса да, ұлттық және шетел валютасындағы шоттар түгел есептеледі. Сарапшылардың айтуынша, банк жүйесіндегі бұл жаңашылдық қаржы қозғалысын толық талдап, бақылауға мүмкіндік береді.
АРМАН БЕЙСЕМБАЕВ — ҚАРЖЫЛЫҚ САРАПШЫ:
— Бұл – мониторинг. Ұлттық банк бұған дейін де еліміздегі қаржы қозғалысын бақылап келген. Енді қаржы жүйесін талдай отырып, қаржы легі қай жаққа, қандай валютада кетіп жатқанын қадағалауды күшейтпек. Сондай-ақ қаржы махинациясының жолын кесу үшін де банк шоттарын есепке алу қажет.
Ал қаржы ұйымдары жаңа шот ашылса, клиент дерегі өзгерсе мұны 10 жұмыс күні ішінде хабарлауы керек. Есепте шот иесі туралы толық мәлімет, келісім-шарттағы кез келген өзгеріс қамтылады. Бұл жаңалықты естіген қазақстандықтар алаңдаулы. Олар дербес дерек тарап кете ме, деп қауіптенеді.
Бірақ Ұлттық банк деректер мықты қорғалады деп отыр. Күдіктенуге еш негіз жоқ. Мамандардың айтуынша, шифрланған код болған соң, оны үшінші тұлға мүлдем ашып қарай алмайды. Ал, екінші деңгейлі банк клиент мәліметінен қате жіберсе, оған өзгерту енгізуге құқылы. Ол үшін Ұлттық банкке хабарлама жіберілуі керек.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.