Ауа райы алаңдатады: Түркияда өрт, Мәскеуде жауын, Өзбекстанда аптап ыстық

Жер жаһанда ауа райы тосын мінез танытып тұр. Түркия алау оттың ортасында. Ал Мәскеуде бойы жауын-шашын тоқтамай жатыр. Ресей астанасында нөсер жауынға байланысты қауіптің сары деңгейі жарияланды. Бауырлас ел Өзбекстанда бірнеше күн аптап ыстық. Мұнда сынап бағанасы 40 градустан төмен түспей тұр. Климаттың өзгеруі немен байланысты? Елімізді алдағы күндері қандай ауа райы күтіп тұр?
Түркияның Измир провинциясы бірнеше күн бойы қызыл жалынмен алысып жатыр. Күшейген желдің салдарынан бұл өңірде өрт одан сайын өршіген. Тікұшақтар, техникалар тартылғанымен тілсіз жауды ауыздықтау мүмкін болмай тұр. 400-ге жуық баспана отқа оранып, елдің бес аймағынан 50 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Оның дені Измирде тұрады. Соңғы жылдары Түркияның теңіз жағалауындағы аудандарда орман өрті жиілеген. «Бұл климаттың өзгеруімен байланысты», — дейді мамандар.

НҰРАЙЛЫ ҚОЖАГЕЛДИНА — КЛИМАТТЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Дүниежүзілік метеорологиялық бағалауына сәйкес, жаһандық жылынудың басты себебі – атмосферадағы парниктің газдардың, соның ішінде көмірқышқыл газы, метан тотығы, соның шоғырлануының артуы. Бұл орман алқаптарын қысқарту, жерді пайдалану тәртібінің өзгеруімен байланысты.

Ал Өзбекстанда аптап ыстық. Бірнеше күн бойы Самарқанд қаласында ауа температурасы 40 градустан түспей тұр. Синоптиктердің мәліметінше, шілде-тамыз айларында бауырлас елде сынап бағанасы тіпті 55 градусқа дейін көтерілуі ықтимал. Күннің күрт ысуы көлік қозғалысына да әсер еткен. Жолда автокөлік азайған. Ал көк базарға барған жұрт ыстықтан қорғану үшін жағалай көлеңке іздеп әлек. Самарқанд қаласының жұртшылығы мұндай ағдай бұрын-соңды болмағанын айтады.

ЖАХОНГИР МАХМАЮСУПОВ — САМАРҚАНД ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Аптап ыстықта дүңгіршектердің саудасы қызып тұр. Шөлін басу үшін, тұрғындар сусындар сатып алуда. Сауда орындарында адамдардың азайғанын байқауға болады.

Ала шапанды ағайынды аптап ыстық әбігерге салса, Ресей астанасында нөсер жауын дамыл бермей тұр. Солтүстік атлантикалық «Корнелиус» циклоны салдарынан Мәскеуде күн суып, біршама ылғал түскен. Оның мөлшері бір айлық нормадан асады. Желдің жылдамдығы секундына 20 метрге жеткен. Көлік қозғалысы қиындап, әуе рейстері кейінге шегерілді. Нөсер жауынға байланысты қауіптің сары деңгейі жарияланды.

НҰРАЙЛЫ ҚОЖАГЕЛДИНА — КЛИМАТТЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Мәскеудегі жаңбыр, Түркиядағы өрт немесе Өзбекстандағы ыстық бір-бірімен байланысты емес сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ олардың климаттық негізі ортақ. Атмосфера жылынған сайын, ылғал сыйымдылығы артып, жауын-шашының күшеюіне алып келеді. 2023-2024 жылдары жаһандық жылынуға қосымша табиғи климаттық ауытқулар әсер әкелді. Ильнино құбылысы. Сарапшылардың бағалауынша, алдағы жылдары жаһандық температураның индустриялық деңгейдегі 1,5 градусқа асып кетуі ықтимал.
Демек, жер шары жылынған сайын табиғи қауіп те арта түсетінін айтады мамандар. Бұл әлемдегі климаттық өзгерістерге әкеледі.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА – ТІЛШІ:
— Алдағы күндері Қазақстанның солтүстік-батыс өңірлерінде нөсер жаңбыр, бұршақ, найзағай күтіледі. Ал оңтүстік, оңтүтік-шығыс аймақтарда ашық ауа райы ұзақ мерзімге сақталады. Сол сияқты, еліміздің оңтүстігінде қатты жел мен шаңды дауыл болуы мүмкін. Ал Астанада осы аптада күн жауын-шашынсыз. Сынап бағанасы 33 градусқа дейін көтіріледі. Синоптиктердің болжауынша, жалпы Қазақстанда биылғы жаз орташа температурада өтеді.
———————————————