Алматы облысында 10 жастағы баланы иттер талаған дерек бойынша тың мәліметтер анықталып жатыр. Жас өренге шабуылдаған қос салпаңқұлақтың иесі оларды пышақтап өлтірген Серікбек Сақайбековтен қаржылай өтемақы талап етпек. Бұл жайт оның біздің арнаға эксклюзивті сұқбат беру барысында айтылды. Жеткіншекті құтқарған адамды кінәлі адамға айналдыруға құқықтық негіз бар ма? Жалпы науқастарға арналған оңалту орталығында қабаған иттер қайдан жүр?
Қабаған иттердің баланы талаған сол бір оқиғадан кейін Жалпақсай ауылы республикаға танылды. Жеткіншекті төбет тұқымдас үй жануарынан Серікбек Сақайбеков есімді азамат аман алып қалды. Шарасыз күйде жатқан баланы құтқаруға дереу ұмтылып, пышақ қолдану арқылы азуын ажыратқан ол сәл кешіксем, іс насырға шабар еді деп еске алады. «Біреуге жан, ал біреуге мал қайғы» демекші, иттердің иесі өтемақы талап еткеніне жалпы жұрт таңданыс білдіріп отыр.
СЕРІКБЕК САҚАЙБЕКОВ – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Мен баланы құтқару үшін өлтірдім. Әйтпесе менің ол итте нем бар?! Ал ол келіп: «Серік аға, рақмет, мені соттан алып қалдың», — деудің орнына маған дөрекілік көрсетіп жатыр. Екі ит баланы шырылдатып жатты. Маған кімнің иті болса да бәрібір еді. Бастысы, баланы аман алып қалу керек болды.
Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі баланы құтқарған азаматқа қатысты ешқандай іс қозғалмайтынын жеткізді. Керісінше, адам өміріне қауіп төндірген иттердің иесі жазаға тартылады. Бірақ тәртіп сақшыларының шешімімен иттің иесі келіспейді. Ол жеткіншектің өзі иттерді ызаландырған деп отыр.
АЛМАЗ ХАМЕЕВ – ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Максим мен Илья деген екі бала иттерге өздері жақындаған. Бір-бірін итеріп, содан біреуі құлап кетеді. Ол жердің қоршауы биік. Содан секіремін деп жарақаттанған болу керек. Тек ауланы күзетуге әкелінген иттер әлі өспеген күшіктер десек болады. Олар адамға атылмайтын. Бөгде ер кісі аулаға кіріп, қорғансыз күшіктерді пышақтап тастаған. Оның бейнежазбасы да бар. Қоршауды сындыруға және қарғыбауды үзіп кетуге иттердің күші жетпейді.
Оқиғаның қалай өрбігенін тергеушілер анықтап жатыр. Жергілікті әкімдік өкілдері оңалту орталығы ит бағатын орын емес деген пікірмен толық келісіп отыр. Оның үстіне бұл жерде он шақты үй жануары шұбырып жүр. Осы ретте иттер жақын арада көшірілетінін жеткізді.
ИСЛАМ БАУЫРЖАНҰЛЫ – ҚАРАСАЙ АУДАНЫ ҰМТЫЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
— Оңалту орталығының нысаналық мақсаты – мәдениет үйі. Ол жер ит асырауға арналмаған. Не себепті осыншама итті асырап отырғаны белгісіз. Алмас Сайынұлы директор бұрынғы кинолог, иттер хоббиім деп өзі солай түсіндірді. Қазіргі уақытта вет инспекциямен құзырлы мекмелер сол жердегі иттердің көзін құрту бойынша жұмыс атқарып жатыр. Бүгін комиссия шықты. Ол жерде енді ит болмайды.
10 жастағы Максимнің жағдайы ауыр, бірақ асқыну жоқ, бірқалыпты. Есін жиып, тілге келіп, психологиялық көмек алып жатыр. Дене жарақаттары көп әрі терең. Мамандардың айтуынша, жаралары жазылғанымен, болашақта пластикалық операция қажет болуы мүмкін.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.