Ақтөбеде екі көпқабатты үйдің тұрғындары аулада бір жазатайым оқиға бола ма деп алаңдаулы. Мұнда жер опырылып, қоршау ретінде қойылған бетон плиталары құлаған. Қираған аумақты қалпына келтіріп бер деп, құрылыс компаниясына өтінгенімен, оның өкілі үйдің кепілдік мерзімі өтті деп жолатпай отыр.
Ақтөбенің құрылысы қарқынды жүріп жатқан шағын ауданындағы мына екі бес қабатты үйде 130 отбасы тұрады. Әр үйде кемінде бір бала бар, сондықтан ата-аналар кішкентайларының қауіпсіздігіне алаңдаулы. Бұған себеп жоқ емес: жақында олардың ауласында жер опырылып, темірбетон блоктар құлаған. Бұл блоктар бұлардан жоғары орналасқан көрші үйдің арасын бөліп тұр. Тұрғындардың айтуынша, былтыр да осындай жағдай болған, сол кезде құрылыс компаниясы қалпына келтіріп берген. Ал биыл кепілдік мерзімі аяқталды деген себеппен ештеңе істемей отыр.
АЗАМАТ ҚАРАБАЕВ – ҮЙ ТҰРҒЫНЫ:
— Негізі осыған бір дұрыс инженерлік шешім керек. Монолитті қылып құя ма? Құрылыс компаниясының кепілдік мерзімі өтіп кеткен. Енді бұл мәселе қалай шешіледі? Былтыр дұрыс жасалмаған. Соның бәрін кім қолға алады?
ТӨЛЕГЕН АҚТАУОВ – МИБ ТӨРАҒАСЫ:
— Құзырлы органдарға шағымданамыз, өйткені біздің құрылыс компаниясы бұл мәселені шешуге асығар емес. «Бұл – біздің кінәміз емес, қазіргі құрылысшылардың жауапкершілігі», — дейді. Не айтсақ та, жарға айтқандай боламыз. Бұл – миллиондаған шығын, біздің мүлік иелері бірлестігінде ондай ақша жоқ.
Тұрғындардың айтуынша, екі үйдің ауласын бөліп тұрған жерге су ағызатын жүйе салынбаса, топырақ пен блоктардың құлауы жалғаса береді. Бірақ оны кім жасайтыны белгісіз. Бұған қоса, үй басқа үйлерге қарағанда төмен орналасқандықтан, оның жертөлесін жиі су басады. Бұл да тұрғындар үшін үлкен қауіп.
ДӘРИҒА БАЛАҒАЗЫ – ҮЙ ТҰРҒЫНЫ:
— Жертөледегі суды ОСИ емес, өз қаражатымызға сорғызып жатырмыз. Су ағатын жүйе жоқ, сондықтан су жиналып жатыр. Бірақ оны ешкім мойнына алмайды. Мынау – көрші үй, мынау – біздің үй. Екі үйдің арасында су ағатын жол болуы керек қой, өйткені үйлер еңісте орналасқан.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тұрғындардан ешқандай шағым түспегенін айтты. Тұрғындар алдымен жазбаша арыз түсіруі керек. Содан кейін ғана мемлекеттік орган тексеріс жүргізеді.
СЕРІК ӘБДІРЕШЕВ – МСҚБ ИНСПЕКЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Тексеру нәтижесі бойынша анықталған бұзушылықтар болатын болса, басқарма шара қолданады. Егер мердігерден кетсе немесе жобалау ұйымынан кетсе, нәтиже тексеру жұмыстарын жүргізгеннен кейін белгілі болады.
Тексеретін нәрсе жеткілікті дейді тұрғындар. Мысалы, бұл үйде жоғары кернеулі электр сымы жер астымен емес, қабырға бойымен жүргізілген. Қазір ауланың бір бөлігі жартылай қираған күйінде тұр, сондықтан тұрғындар қайғылы жағдай орын алмай тұрып, мәселе шешілуі керек деп санайды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.