Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Виноградовка ауылына су құбырын тартып жатқандар көшелерді қазып, тұрғындарды жолсыз қалдырды. Ми батпақ кесірінен қозғалыс қиындаған. Қазір көлік тұрмақ, толарсақтан саз кешкен тұрғындар діттеген жеріне әзер жетеді.
Виноградовка – облыс ортағынан 50 шақырым жерде орналасқан. Елді мекен қалаға жақын болғанымен, тұрғындары өркениет игілігінен қағылдық деп отыр. Жол, ұялы байланыс жоқ. Халық қыста тіпті суды көлден тасып ішіп келген.
Бұқараның базынасына құлақ асқан билік биыл ауылға су құбырын тарта бастады. Алайда бұрғылау әдісімен емес. Салдарынан қазір әр көшелер қазылып, оның орны ми-батпаққа айналған.
Виталий Васиннің ауылда тұрып жатқанына 30 жылдан асты. Оның айтуынша, қазір көшеде көлік түгілі, аяқ алып жүрудің өзі қиын.
ВИТАЛИЙ ВАСИН – АУЫЛ ТҰРҒЫ:
— Жол деген аты ғана. Бәрін қазып, ойран-топыранын шығарды. Ауылдың екі жағында су өтетін жыра бар еді. Соны көміп тастады. Енді жаңбыр жауса, үйімізге су кіруі мүмкін.
Қазу жұмыстары кезінде үйлердің маңында үлкен шұңқырлар пайда болған. Тұрғындар енді баспанамыз бүліне ме деп алаңдап отыр.
МАРИНА ПАНТЮХОВА – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Мына шұңқыр 20 мамыр күні қазылған. Содан бері осы қалпында тұр. Балаларымыз құлап кетсе ше? Ал жарық болса күн сайын ұлғайып барады. Ертең үйдің іргетасынан ақау анықталса, кім жөндеп береді?
Қазір Виноградовка ауылында 400-ден астам адам тұрады. Жергілікті билік өкілдерінің сөзінше, бар кемшілікті мердігер түзетуге міндетті. Тек содан кейін ғана көшелерде жөндеу жұмыстары басталады.
ГҮЛНӘЗ ҚАЗБЕКОВА – АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ӘКІМІНІҢ М.А.:
— Су құбыры төселген соң, ауыл ішіндегі жолдар жөнделеді. Сметалық құжат дайын. Бюджетке өтінім бердік. Жоба құны – 470 миллион теңге. Жұмыс келер жылға жоспарланған.
Жалпы бүгінгі күні өңірде 200-ге жуық ауыл таза суға зәру. Ал біз айтып отырған ауылдың мәселесі келер жылдың соңында ғана шешіледі.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.