Кенені өртемек болып, абайсызда орман алқабын жағып жіберген. Түркияның Измир қаласында орман өртіне себепкер болған күдікті қамауға алынды. Жалпы, жергілікті биліктің мәліметінше, соңғы 5 күнде туристік елді 340 орман өрті болды. Оған аптап ыстық себеп. Тілсіз жаудан 40 астам адам зардап шекті. Олардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Жалпы, биыл бұл елдің бірқатар өңірінде күн райы 52 градустан төмендемей тұр. Аптап ыстық биыл Еуропа елдерін де айналып өтпеді.
Түркияда орман алқабының отқа орануына кінәлі азамат ұсталды. CNN-нің мәліметінше, 31 жастағы Озджан Ташхан жастыққа жабысқан кенені өртемек болған. Тергеу барысында күдіктінің тұтанған затты аулаға лақтырып жібергені анықталды. Салғырттықтың салдарынан қызыл жалын сол маңдағы егістіктер мен орманға жайылған. 12 гектар жасыл желек жанып кетті.
Бүгінде Түркияның бірқатар провинциясында қатты желдің салдарынан өрт одан сайын өршіген. Манис, Биледжик және басқа да өңірлерде тілсіз жауды ауыздықтау үшін ауқымды жұмыс жүргізілуде. Кей өңірлерде тұрғындар эвакуацияланып жатыр. Еске сала кетейік, Измир қаласында мыңдаған отбасы қауіпсіз жерге көшіріліп, халықаралық әуе рейстері уақытша тоқтатылды. Жергілікті телеарналардың мәліметінше, Түркиядағы орман өртінен 40-тан астам адам зардап шекті. Олар ауруханада емделіп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрі Ибрагим Юкмалдың мәліметінше, жалпы елде соңғы 5 күнде 340 орман өрті болды. Бұған негізінен аптап ыстық себеп. Айталық, Түркияда қатты қапырық салдарынан асфальт еріп жатыр. Әсіресе, елдің оңтүстік-шығысындағы Шанлыурфа қаласында күн шыжып тұр. Бұл жақта күн 52 градусқа дейін ысыған.
КӘМШАТ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Соңғы жылдары Түркия елінде тұрып жатырмын. Бірақ биыл мұнда күн қатты ысып тұр. Мұндай ауа райын бірінші рет көріп тұрмын десе болады. Бірнеше күн бойы температура 50 градустан төмендемей жатыр. Бұл қолайсыздық тудыруда. Далада күн сәулесінен қорғану үшін көлеңке іздеп жүреміз. Барынша су ішуге тырысып жатырмыз.
Еуропа елдерін де аптап ыстық. Францияда сынап бағанасы 35 градустан түспей тұр. Экология министрі мұндай ауа райы елде бұрын-соңды болмағанын айтады. Әлемдегі жеті кереметтің бірі – Эйфель мұнарасының жоғарғы қабаты туристер үшін уақытша жабылған.
Аптап ыстыққа байланысты Испания мен Италияда қауіптіліктің қызыл деңгейі жарияланды. Венеция, Милан, Рим, Флоренция шаһарларында төтенше жағдай жарияланған. Зардап шеккендердің саны бұл өңірлерде 10 пайызға жетеді. Ал Сицилия аралында 15 алапат өрт ошағы анықталды. Табиғи қауіптің алдын алу үшін қазақстандық климатологтар: «Метеорологиялық бақылаулар жүргіземіз», — дейді.
НҰРАЙЛЫ ҚОЖАГЕЛДИНА — КЛИМАТТЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Климаттық өзгерістер өңірлер мен маусымдарға қарағанда әртүрлі сипатқа ие. Дегенмен елдің көптеген аумағына тән ортақ белгілер бар. Ол жаз мезгіліндегі қатты ыстық пен құрғақшылық, қыста суық ауа райы. Жауын-шашын мөлшерінің аздығы және табиғи апаттардың жоғарғы жиелігі. Ол құрғақшылықтар, шаңды ждауылдар, су тасқынар, борандар, нөсер жауындар.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА – ТІЛШІ:
— Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, жаһан елдеріндегі аптап ыстық табиғи құбылысқа айналып барады. Экологтардың пайымынша, бұл климаттық өзгерістерге жер шарының жылынуы себеп. Дегенмен бұның нақты климаттық өзгеріс екенін дәлелдейтін нақты дәйек жоқ. Қысқасы, ғалымдар әлі де бір тоқтамға келе алмай отыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.