Қазақстанда халық саны артып келеді. Бүгінде жеті өңірде тұрғын саны 1 миллионнан асып, демографиялық және көші-қон үдерісінде айқын өзгеріс байқалады. Сонымен көш басында қай аймақ тұр?
ҒАНИ МҰҚАШҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Елімізде халық саны жарты жылда 87 мың адамға көбейген. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазір жалпы халық саны 20 миллион 370 мың адамнан асқан. Тұрғындар ең көп көшіп келген қала – Астана. Жыл басынан бері елордаға 38 мыңдай адам қоныс аударған. Ал Алматыда халық саны шамамен 23 мың адамға артса, Шымкентке 18 мыңнан астам тұрғын келген. Ал Солтүстік Қазақстан, Түркістан мен Абай облыстарында керісінше, адам азайған. Жарты жылда аталған өңірлерден 3 мыңдай адам көшіп кеткен.
Жалпы, соңғы екі жылдағы демографиялық көрсеткіштер еліміздегі халық санының өсімі мен көші-қон үдерісіндегі елеулі өзгерістерді айқын көрсетеді. 2024 және 2025 жылдардағы мәліметтерді салыстыра отырып, бірқатар маңызды үрдістерді атап өтуге болады. Мәселен, 2024 жылы Қазақстанда 155 143 сәби дүниеге келсе, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл көрсеткіш 133 562. Көші-қонға келер болсақ, былтыр сальдо 6 464 адамды құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 7 257 адамға жетіп, өсім байқалды. Бұл Қазақстанға келгендер мен кеткендер арасындағы айырмашылықтың біршама ұлғайғанын білдіреді.
Ұлттық статистика бюросы келтірген дерек бойынша, бүгінде еліміздің жеті өңірінде халық саны 1 млн адамнан асады. Бірінші орында Алматы қаласы. 2 314 929 адам. Одан кейін Түркістан облысы тұрса, алғашқы үштікті Алматы облысы түйіндеп тұр. Ал елордамызда 1 566 566 тұрғын өмір сүреді. Осы көрсеткіш бойынша Астана төртінші орында. Тағы мегаполис Шымкент 1 274 296 адаммен бесінші тұр. Жамбыл облысы алтыда, ал Қарағанды облысы жетіге жайғасқан.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.