Ақтөбе іргесіндегі Бауырластар ауылының тұрғындары бүгін шу шығарды. Жұрт елді мекенде асфальт жолдың салынбай жатқанына наразы. Бұл мақсатқа бюджеттен 3,7 миллиард теңге бөлінгенімен нақты жұмыс істелмеген. Мердігер көктемде жұмысын бастап, көшелерді қазып, асфальт төсеуге дайындаған. Алайда кенеттен барлық техникасын әкетіп, жұмысты тоқтатқан. Бұған не себеп? Тапсырыс беруші – әкімдік бұл жағдайға не дейді?
Бауырластар ауылының тұрғындары өте ашулы. Елді мекенде асфальт төсеу жұмыстары бітпей жатыр. Мердігер көктемнен бастап дайындық жүргізгенімен, жуырда барлық техникасын жинап әкетіп, адамдарын жұмыстан шығарып, құрылысты тоқтатқан. Ауылдықтар бұл жағдайға қаражат бөлмеген шенеуніктерді кінәлайды.
БАТЫРБЕК КӨШЕНОВ — БАУЫРЛАСТАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Жолды сәуір айынан бастап салды, Атыраудың мердігер компаниясы. Атын білмейміз. Сұраған кезде жігіттер күшті, жаңа техникасымен келді. Әр үйге заезд болады деді. Уайымдамаңдар, су ағатын арнасына шейін бәрін жасап береміз деді. Бірінші, екінші қабатын төседі. Сосын катокпен трамбовать етті. Ақыр соңында бәрін бір күніде жинап кетіп қалды. Неге кетіп қалдыңдар десе, бізге ақша төлеген жоқ, сол үшін кетіп бара жатырмыз деді.
НҰРТАЙ ИБРАГИМОВ — БАУЫРЛАСТАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Қара күз болды, мінекей. Иә жол жоқ, иә ештеңе жоқ. Мына жол ертең жаңбыр жауса батпақ болады. Терең қылып қазып тастаған, 30-40 см. Күн жылынса, кепкен кезде шаң болады. Бала-шаға, машинаға кіріп-шығу қиын. Осы жерде тұрып жатқанымызға20 жыл болды ғой. Жол салып береміз деп уәде бергеннен кейін, халық қуанғаннан кейін неге жолды салмайды?!
Бауырластар ауылында 1,5 мыңдай адам тұрады. Олар үшін автобус қатынасы өте маңызды. Алайда жолаушы таситын көлік тек асфальт төселген көшелерге кіреді. Тұрғындар жол жөнделсе, бұл мәселе шешіледі деп үміттенген еді. Онысы болмады. Көше асфальттауға бюджеттен 3 миллиард 700 миллион теңге қарастырылғанымен, әкімдік өкілдері мердігер компания төселген қиыршық тас қоспасының шығу тегін дәлелдемейінше, қаражат бөлінбейді дейді. Әкімдіктегілердің пікірінше, мердігер халықты араға салып, қысым жасағысы келеді, ал құрылысқа пайдаланған материалы күмәнді. Зертхана мен техникалық қадағалау оны растамай отыр. Облыстық бюджеттен бұл фирмаға биыл 500 миллион теңге бөлінгенін айта кетейік.
АРСЕН МЫРЗАЛИН — ҚАЖ СЕКТОРЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
— Қаражаттың төленбеу себебі осы айда олардың орындау-техникалық құжаттамасы дұрыс емес болды. Бұл жайлы мердігерге түсіндірдік. Сол құжаттың дұрыс болмауына байланысты ақшаны төлей алмай отырмыз. Мердігер мұнымен келісіп отыр. Біз ескертулер жасадық, олар түзетеміз деді. Содан кейін орындалған жұмыс актісі бойынша ақшасын аударамыз.
АРМАН ЖЕНАЛИЕВ, СЕРІКТЕСТІК ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— 12 көше жасалды. Біз биылғы 495 млн теңге ақшаның авансын ғана алдық. Содан кейін 200 млн үстінде жабылған формамыз бар, техникалық бақылау, авторлық бақылау қол қойған. Олар ЖКХ өкілдері, біреуі сапасын, біреуі проектіні қарайтын. Солар қол қойған. Енді белгісіз жағдайға байланысты ол ақшалар әлі алынған жоқ. Бұл жерде біздің кінәміз жоқ. Егер биылға 2 млрд бөліп берген жағдайда, өз күшімізбен аяқтауға тырысар едік. 98 млн теңгемен бір ауылды, 27 көшені бітіріп беремін деп мен уәде бере алмаймын.
Бауырластардағы жол жөндеу жобасы үш жылға жоспарланған. Екі жылы өткен, жоспардағы 27 көшенің бірде-біріне асфальт төселмеген. Бюджетте қаржы бар, бірақ әкімдік өкілінің айтуынша, мердігер өз міндетін дұрыс орындамай отыр. «Олай болса, мердігерді ауыстырған жөн шығар», — дейді жолдағы лай-батпақтың азабын тартып шаршаған қараша.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.