Жаздың нағыз қызған шағы — жеміс-жидектің жаппай піскен кезі. Қазірдің өзінде, дүкен мен базарда қарбыз саудасы қыза түскен. Бірақ бұл өнімнің мезгілі келді, маусымы басталды деуге келмейді. Сонда оны шаруалар дәрімен өсірген бе?
Бүгінде базарлар мен дүкендерде қарбыздың саудасы қызған. Бірақ көптің көкейінде «Бұл жемісті жеуге әлі ерте емес пе?» деген күмән бар. Себебі нағыз маусым тамызда басталады. «Ал осы уақытқа дейін жемістердің пісуі тыңайтқыштармен тездетіледі», — дейді тұрғындар. Бұл адам ағзасына айтарлықтай қауіпті болуы мүмкін.
ӘСЕЛ БИТАЕВА – ҚАЛАЛЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ БАСШЫСЫ
— Нитраттар адам ағзасына енгенде нитриттерге айналады, ал ол денсаулық пен өмір үшін қауіпті. Сондықтан қарбызды арнайы дүкендерден ғана сатып алу керек. Сонымен қатар өнімнің қауіпсіздігін және сапасын растайтын құжаттардың болуына назар аудару қажет. Ол — Кеден одағының декларациясы немесе фитосанитарлық анықтама болуы мүмкін. Кез келген тұтынушы бұл құжаттарды талап етуге құқылы.
Нитраттар мен «ерте піскен жеміс» қаупіне қарамастан, қарбыз — жаз кезіндегі ең сүйікті жемістердің бірі. Әсіресе ми қайнатар ыстықта. Бұдан бөлек, денсаулыққа тигізер пайдасы да мол.
ГАУҺАР БАЙГЕЛОВА – ИНТЕГРАТИВТІ МЕДИЦИНА САРАПШЫЛАРЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:
— Қарбыз құрамында С дәрумені өте көп. Мысалы, 300 грамм қарбызда адамның күнделікті қажеттілігінің 40%-ы бар. Қарбыздың ең пайдалы қасиеті – оның 90%-ы судан тұрады. Ол жасушаларға тез еніп, ағзаны іштен ылғалдандырады. Бұдан бөлек, қарбызда фруктоза мен глюкоза сынды қант көп кездеседі. Бұл оны инсулинге төзімсіздігі бар, семіздікке немесе қант диабетіне шалдыққан адамдар үшін қауіпті етеді. Сол себепті қарбызды табиғи пісетін уақытында, яғни тамыз айында жеген дұрыс.
Мамандардың бірі – сақтыққа, енді бірі – шектен шықпауға шақырып жатқанымен, базардағы жағдай қазір мүлде басқа болып тұр. Сатушылар қарбызды тұрғындардың көзінше кесіп, дәмін татып көруге ұсынады. Осылайша ерте піскен қарбыздан қорқудың қажеті жоғын көрсетуге тырысып бағуда. Тіпті заманауи технологиялар жыл 12 ай бойы зиянсыз қарбыз өсіруге мүмкіндік беретінін айтады. Соған қарамастан — өнім сенімді, тиісті тексеруден өткен жерден болуы тиіс.
ЖАНАР ЖҮНІСОВА – САТУШЫ:
— Қарбызды жылдың кез келген уақытында қорықпай жеуге болады. Ең бастысы — қабығы мынадай болуы керек, жұмсақ болмауы шарт. Жемістің жынысы жайлы да жиі айтылып жатады — ол бос сөз. Қыз да, ұл да — бәрі де тәтті. Тек кейде аздап піспегені кездеседі, бірақ піспей қалғаны жақсырақ, артық пісіп кеткеннен гөрі.
Қалай дегенмен ерте піскен қарбызды жеп-жемеу әркімнің өз еркі. Бірақ табиғи өнім адам ағзасына әлдеқайда қауіпсіз екенін қаперде ұстаған абзал.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.