Павлодарлық оқушы Филипп Быков домбыра тартып көпшілікті тәнті етті

Павлодарлық оқушы Филипп Быков домбыра тартып жұртшылықты таңғалдырып жүр. Ұлты орыс болса да, ұлттық аспапты ерте меңгеріп алған. Сондықтан ұлттық домбыра күні қарсаңында қазақ еліне күйден шашу шашпақ.
Филипп Быков домбыра десе ішкен асын жерге қояды. Орыс баласының қазақтың ұлттық аспабына деген қызығушылығы музыка мектебінен басталған. Ол кезде 1 сынып оқушысы мұғалімнің домбыра шертіп жатқанын көреді. Ұлттық аспаптың үні бірден баурап алады. «Қазақ мәдениетінің құдіретін сезіндім, содан бері қасиетті домбыраны қолымнан тастамадым», — дейді Филипп.

ФИЛИПП БЫКОВ, ҚҰРМАНҒАЗЫ АТЫНДАҒЫ МУЗЫКАЛЫҚ МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ:
— Домбыра мені өзінің үнімен, зор дыбысымен қатты қызықтырды. Сондықтан өнер үйірмесіне бардым. Өте әдемі аспап. Тез меңгеріп алдым.

Жас өрен өнерімен көпшілікті тәнті етуде. Талай сайыста топ жарып жүр. Ал Түркістанда өткен республикалық байқауда ансамбльмен бірге Бас жүлдені жеңіп алған. Өнерлі бала күйді нақышына келтіріп шертеді.

ФИЛИПП БЫКОВ – ҚҰРМАНҒАЗЫ АТЫНДАҒЫ МУЗЫКАЛЫҚ МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ:
— Домбырада екі ғана ішек. Соның өзінен қандай керемет әуендер шығады. Маған «Жастық шақ» және «Балбырауын» шығармасы ұнайды. Қазақша сөйлемесем де, күйдің тілін оңай түсінуге бұл кедергі емес.

Қазақтың қара домбырасын серік еткен Филипп қазір сегізініші сыныпта оқиды. Болашақта тіс дәрігері болуды армандайды. Бірақ домбырадан еш бас тартпаймын дейді. Өйткені музыка оның өмірінің маңызды бөлігіне айналған.
———————————————