Қарағанды облысы Қарабас ауылының тұрғындары көмір шаңына тұншығып отырмыз деп дабыл қағуда. Елді мекенде тәулігіне 180 вагон көмір қабылдайтын ірі қойма орналасқан. Қатты отынды түсіру немес тиеу барысында ұшқан шаң-тозаң тұрғын үйлерді басып қалады. Экологиялық талап сақталмайтын кәсіпкерлік нысанды осыдан 3 жыл бұрын көшіріледі деген болатын. Бірақ құрғақ уәде сөз күйінде қалды. Қара халық болса қара шаңды жұтуға мәжбүр.
Көмір тасымалданатын теміржол қоймасы Қарабас ауылының қақ ортасында тұр. Тұрғындар сол себепті шаң-тозаңнан көз ашып жүру мүмкін емес екендігін айтады. «Ыдыс-аяқ, еден мен жиһаздарды күнделікті ылғал шүберекпен сүртпесең пайдалану мүмкін емес. Терезе үнемі тарс жабық тұрады. Ашсаң қара тозаңның астында қаламыз дейді», — ауылдықтар.
ТАТЬЯНА МОСУНОВА, ҚАРАБАС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Шаң. Еден жусам да, шелекпен су алсам да қап-қара. Бөлмелерді қайта-қайта жусам да бәрібір қап-қара.
ҚАРЛЫҒА ҚҰДАЙНАЗАРОВА, ҚАРАБАС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— 35 градус ыстықта 3-қабаттағы пәтердің терезесін аша алмаймыз. Қара шаң аузы-мұрнымызға кіреді. Жөнді ұйықтай да алмаймыз.
Тұрғындар желді күндері жағдай тіпті қиындап, далаға шыға алмай қаламыз дейді. Кәсіпорын басшылығы өтемақы ретінде қарабастық әр отбасыға көмір түсіріп, тұрмыстық-коммуналдық мәселелерді шешуге атсалысамыз деп отыр. Алайда ауылдықтар таза ауаның жөні бөлек екенін айтады. Бұл ретте әкімдік кәсіпорынды қуып жібере алмаймыз, тек айыппұл салумен ғана шектеледі екен. Кәсіпкерлік құрылым басшылығы болса жыл соңына дейін көшеміз деген уәж айтып отыр.
ЕРЛАН ӘКІМБАЕВ, «KIG KAZ INVEST GROUP» ЖШС БАСШЫСЫ:
— Жаңа қойма құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жыл соңына дейін көшуді жоспарлап отырмыз. Қазір қоймадағы бар көмірді сатып тауысып, орнын тазалауымыз керек. Біз жергілікті билікпен келісіп жұмыс істейміз. Техникамен көмектесеміз, мектепке жол акциясына қолдау білдіреміз.
Осылайша тағы жаңа мерзім айтылды. Ауылдықтар болса саф ауамен кең тыныстар күн қашан туарын күтіп жүр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.