СҚО-дағы Еңбек ауылы арақ-шараптан жаппай бас тартты

«Таза сана – жарқын болашақ!». Солтүстік Қазақстан облысында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде осындай атаумен арнайы челлендж басталды. Оның аясында Еңбек ауылының халқы жаппай арақ-шараптан бас тартты. Тың бастаманы ақсақалдар көтерген. Ал кейінгі толқын оны бір ауыздан қолдады. Енді той-томалақ тек қымыз-қымыранмен аталып өтілмек.
Еңбек – бірлігі бекем, тірлігі көркем ауылдың бірі. Қазір мұнда жаңадан мектеп салынып жатыр. Жастары спортқа ден қойған. Айта кету керек, теріскейліктер эстафетаны енді Қарағанды облысының тұрғындарына жолдамақ. Жалпы бүгінгі күні өңірде ішімдік сатылмайтын 18 елді мекен бар. Құқық қорғау органдарының мәліметіне сүйенсек, бұл ауылдарда соңғы бес жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген.
КЕНЖЕБЕК ҚОЖАХМЕТОВ, ЕСІЛ АУДАНЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ:
— Бәрімізге мәлім, алькогольдік ішімдік ішілмеген жерде тәртіп болады. Тәртіп болған жерде заң күшейеді. Мысалға Қарағай ауылын алуға болады. 3 жылдың ішінде Қарағай ауылында қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылықтар орын алған жоқ. Прокуратура тарапынан осындай заңдылықты сақтайтын үлгілі деген ауылдарды көбейту бойынша жұмыстар қолдау табады.
———————————————