ҰБТ-ның аралық қорытындысы жария болды. Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегі бойынша, биыл 268 мыңға жуық тестілеу өткен. Оның нәтижесі қандай?
Биылғы ҰБТ-ның қорытындысы көңіл қуантады. 16 мамырдан бері 268 мыңға жуық тестілеу өткен. Осыған қарап, еліміздегі білімге деген асқан қызығушылық пен тестілеудің ашықтығын байқауға болады.
Талапкерлердің 74%-ы қазақ тілінде, 26%-ы орыс тілінде тест тапсырыпты. Ал ағылшын тілінде тест тапсырушы 221-ге жеткен.
Жалпы, 5 аптаның нәтижесі бойынша, талапкерлердің 70%-ы шекті балл жинаған. Орташа балл – 66. Үздік көрсеткішті Түркістан облысынан Жәнібек Әбілхан көрсетті. 140 балл.
ҰБТ-да ең көп таңдалған пәнге келер болсақ, математика-физиканың үлесі – 18 пайыз. Ал биология-химия пәндерін тестке қатысушылардың 15 проценті тапсырған. Ал талапкердің 14 пайызы «Шығармашылық емтиханға» кірді.
ҰБТ кезінде биыл да ереже бұзылды. 423 дерек тіркеліп, 210 талапкер смартфон мен шпаргалка алып кірмек болғаны үшін емтиханнан шеттетілді. Тағы 212 талапкер тестілеу кезінде тәртіпке бағынбағаны үшін аудиториядан шығарылды. Ал 1 адамның сертификаты бейнежазбадан кейін жойылды.
Осы ретте естеріңізге сала кетейік, ҰБТ нәтижесіне қатысты соңғы шешім 31 қазанға дейін шығарылады. Яғни бейнежазбаға талдау жүргізу кезінде тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ереже бұзу анықталса, талапкердің ҰБТ нәтижесі жойылады.
Жалпы, Ғылым және жоғары білім министрлігі келтірген мәлімет бойынша 2025 жылы ҰБТ-ға қатысуға 216 мың талапкерден 399 мыңнан астам өтініш келіп түскен.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.