Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қосымша құн салығынан босатылмайды. Оларға 16% мөлшерінде салық салынады. Бүгін Мәжіліс қабырғасында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осылай деді. Төменгі палата депутаттары Жаңа салық кодексіне Сенат енгізген барлық түзетумен келісті.
Салық кодексінің бастапқы нұсқасында әлеуметтік маңызы бар тауарды сатушылар қосымша құн салығынан босатылған болатын. Бірақ Сенат бұл норманы өткізбей қойды. Мәжіліс бүгін мұнымен келісіп, Кодекстен алып тастау жөнінде шешім қабылдады. Енді нан, сүт, жұмыртқа сияқты әлеуметтік маңызы бар тауарларға 16% мөлшерлемемен салық салынады. Бұл азық-түлік бағасының қымбаттауына әкелуі мүмкін.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН – ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
— Неге олай істедік? Арбитраж болмасын деп. Азық-түліктің басым бөлігі импортталады. Кейбірі елде өндіріледі. Арбитражға жол бермеу үшін оларды қосымша құн салығынан босатпау жөнінде шешім қабылдадық. Бірақ біз өндірушілерді қолдаудың басқа жолын табамыз. Мысалы, жақын арада «Инвестицияға тапсырыс» атты ауқымды бағдарламаны бастаймыз.
Кәсіпорындарды өңірлер бойынша бөліп, азық-түлік тауарының жетіспейтін 8 немесе 10 аталымы бойынша нақты қолдау көрсетеміз.
Есесіне, әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмек пен медициналық қызмет қосымша құн салығынан толық босатылады.
Депутат Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, сондықтан онкология, орфандық аурулар, психикалық, диабет, сирек кездесетін немесе аутоиммундық аурулардың дәрі бағасы өспеуі тиіс. Арнайы тізімдегі әлеуметтік ауруларға шалдыққан азаматтар үшін ақылы медициналық қызметтердің бағасы салық есебінен қымбаттамайды. Бұдан бөлек, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясындағы барлық медициналық қызмет пен дәрі-дәрмек толықтай қосымша құн салығынан босатылады.Бұрын салық төлемейтін шаруалар да енді тапқан табысын мемлекетпен бөліседі. Табысы 900 миллион теңгеден асатын фермерге 4,5 пайыздық салық салынады. Ал құны 75 миллион теңгеден жоғары қымбат көліктері, яхталар мен ұшақтары бар азаматтар сән-салтанат салығын төлейді.
САМАТ НҰРТАЗА – МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Менің жалпы өмірлік позициям бай, ауқатты азаматтар Еуропадағыдай көбірек салық төлеу керек деп есептеймін. Ал енді төмен айлық алатын адамдарды тіпті салықтан босатып жіберсе де, артық болмас еді деп ойлаймын. Қабылдағанымыз кішкене басқаша болды, бәріне бірдей, бұл –әділдік.
Салық кодексіне қабылданбаған ұсыныстар да бар. Депутаттардың букмекерлік кеңселер мен казиноларға салықты көтеру, трансмай қосылған өнімдерге акциз енгізу және мәдениет пен арнайы әлеуметтік қызмет саласындағы ұйымдарды корпоративтік табыс салығынан босату секілді бастамалары Кодекске кірмей қалған.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН – ТІЛШІ:
— Сөйтіп, бірнеше рет түзеп-күзелген жаңа Салық кодексі Парламентте қабылданды, енді ол Президенттің қол қоюына жіберіледі. Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойса, заң келесі жылдың бірінші қаңтарында күшіне енеді.
САЛЫҚ КОДЕКСІНДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР:
1.Әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектер қосылған құн салығынан босатылады
Онкологиялық, орфандық, диабет, психикалық және аутоиммундық ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектерге 0% ҚҚС мөлшерлемесі қолданылады. Бұл олардың бағасының өсуіне жол бермейді.
2.Әлеуметтік медициналық қызметтерге ҚҚС салынбайды.
Арнайы тізім бойынша әлеуметтік ауруларға шалдыққан азаматтар үшін ақылы медициналық қызметтердің бағасы салық есебінен қымбаттамайды.
3.КТМКК және МӘМС аясындағы медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектер де ҚҚС-тан босатылады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.