Ақтөбеде көпбалалы ана апаттық жағдайдағы жатақханада тұрып жатыр

Ақтөбе облысында шенеуніктер көпбалалы анаға апаттық жағдайдағы жатақханадан бөлме берген. 41 жастағы Гүлжан Сейділдина мұнда тұру қауіпті екенін айтады. Ғимараттың қабырғалары көгеріп, сылақтары құлап, баспалдақтары бұзылып жатыр. Тіпті іште құрт-құмырсқа қаптаған. Әкімдіктегілер болса Гүлжанның көпбалалы отбасы ретінде 7 жыл кезекте тұрғанын алға тартты. Қазір ол тізімде 335 болып тұр. Сондықтан заң бойынша, ол кезегін күтуі тиіс. Бірақ тұрғын үй комиссиясы әйелдің жағдайын ескеріп, уақытша бөлме ұсынған. Бірақ бұл нысан былтыр ресми түрде апатты деп танылды. Енді сүрілуі тиіс.
ГҮЛЖАН СЕЙДІЛДИНА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:
— Жуынатын жері де мынадай. Мынаның бәрін өзім дұрыстадым. Мында тарақан да бар. Өткен күні кішкентайымның құлағына кіріп кетті. Оның алдында мұрнына кіріп кеткен. Түнде ұйықтай алмаймыз.

МАДИЯР ҚАБЫЛ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Заң бойынша біз ешкімге баспана бере алмаймыз. Гүлжанның кезегі болжам бойынша тек бір жарым жылдан кейін келеді. Сондықтан барар жері болмаған соң, уақытша осы бөлмені ұсындық.
———————————————