Қазір қай жерлерге саяхаттаған қауіпсіз?

Таяу Шығыстағы қақтығыс отандастармыздың ел ішінде демалу ынтасын арттыруы мүмкін. Жалпы, ішкі туризм бойынша саяхаттаушылар артып келеді. Қазақстанның көрікті жерлерінде демалуды көздеген шетелдік туристер де аз емес. Былтыр, еліміз сырттан 15 млнға жуық мейманды қабылдаған. Қазіргі саяси жағдайға байланысты қай жерлерде демалған қауіпсіз, мамандардың пікірі қандай?
Әлем жұртшылығы қазір Таяу Шығыстағы шайқасқа куә болып отыр. Бұл сыртқы туризм саласына кері әсерін тигізбей қоймады. Қатар, Біріккен Араб Әмірліктерінде демалуды көздеген көп қазақстандық қазір жаппай туристік жолдамаларын кері қайтарып жатыр. Себебі Иран мен Израиль арасындағы қақтығыстың кесірінен аталған туристік мемлекеттерге бару қаупі күшейген. Соңғы аптада Қатар, Дубай бағытына сұраныс күрт төмендеген.

ӘСЕЛ ҚҰБАЕВА, ТУРИСТІК АГЕНТТІК ҚЫЗМЕТКЕРІ:
— Қатарда демалып жатқандар бар. Ол тур алып қойса, қазіргі жағдайда кешігулер болып жатыр. Тоқтатулар болып жатыр. Турлар тоқтатылған жағдайда, туристер басқа мемлекетке баруға болады. Басқа мемлекетке немесе басқа мерзімге ауыстыруға болады. Немесе қаражаттарын толық алуға болады.

Туристік агенттіктердің мәліметінше, азаматтар климаты қолайлы Түркия, Мысыр, Вьетнам еліне еркін саяхаттай алады. Дегенмен кей отандастарымыз Қазақстанда демалуды қалайды. Елімізде көрікті жер көп.
СТЕНДАП: ИНАРА БАРСАҚБАЕВА – ТІЛШІ:
— Отандық курорттық орындар шетелдік туристер арасында да сұранысқа ие. Бұл қуантады, әрине. Мысал үшін, 2023 жылы 9 млн турист Қазақстанда демалуды қаласа, ал былтыр еліміз шамамен 15 млнға жуық шетелдік қонақты қабылдаған. Дені Алматы қаласына келген. Дегенмен мегаполисте оларды орналастыратын орындар тапшы.

Сол себепті қонақүй кешендерін салу бойынша Алматыда 60-қа жуық жоба іске асырылмақ.

Табиғаты көз тартар Алакөл, Балқаш, Бурабай, Алматы маңындағы курорттық орында демалуды қалаған туристер жыл санап артып келеді. Былтыр ішкі туризм бойынша саяхаттаушылар 10 млн асқан. Сала мамандарының айтуынша, демалыс орындарында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары тоқтамайды. Қонақ үй кешендерінде әсіресе сервисті жақсарту мәселесіне баса мән берілмек.
———————————————